Қазақ журналистикасының қара нары Марат Барманқұловтың 85 жылдығына арналған конференция болып өтті
Мерейтойға орай, ғалымның өзі еңбек еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Журналистика баршаға: медиа және технологияның жаңа буыны» атты басқосуда отандық және әлемдік журналистиканың заманауи дамуы сөз болды..
Марат Барманқұлов – еліміздегі журналистика ғылыми мектебінің негізін қалаған, ұлттық телерадио хабарларын таратуға елеулі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиелеген ғалым. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінде 35 жылдан астам уақыт қызмет етті. Конференцияға қатысушылар Барманқұловтың зерттеу-мұралары бүгінгі заманда да өзекті екенін атап өтті.
Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- «Возможности космического телевидения» деген еңбек жазды. Яғни, мына дүниеге қарасаңыз, барлығы бізге төгіліп тұрған ақпарат. «Ғарыштан келеді» деген тұжырым жасады. Міне, қарап отырсаңыз, сол кісінің тұжырымы қазір расталып отыр.
«Жалпыға арналған журналистика», «Телевидение мен радиодағы репортаж», «Телевизия: Бизнес әлде билік?» атты кітаптары қазақ тіліне аударылды. Оның әр кітабында қоғамның күрделі мәселелері жазылды. Сондай-ақ ол түркі әлемін жіті тануға талпынды. Бұл бағытта көп жыл ізденіп, «Түркі дүниесі», «Алтын баба» деп аталатын тарихи-танымдық еңбектерін жарыққа шығарды.
Сансызбай Мәдиев, журналистика факультетінің деканы:
- Бізде Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев осы қатарда тұратын үлкен ұлы ұстаздардың бірі – Марат Кәрібайұлы Барманқұлов. Бүгін бұл кісінің 85 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Біріншіден, кейінгі ұрпақ үшін, бүгінгі жастар үшін, студенттер үшін үлгі-өнеге боларлық дүние.
Бұл конференцияға Марат Кәрібайұлының ұл-қыздары қатысты. Қызы Алуа – әке жолын жалғастырған журналист. Алдағы уақытта ғалымның жақындары мен әріптестері оның мұрасын жинақтап, көптомдық кітап етіп шығаруды көздейді.
Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуард Кон