Шымкентте мейрамханалар әз Наурызға орай ұлттық тағамдар дайындап жарысты
Жергілікті аспаздар алты түрлі тағам әзірлеп, ерекше мәзірді анықтау үшін сайысқа түсіп жатыр. Гастрономиялық фестивальде аспаздар тек ұлттық тағамнан дәм татқызумен шектелмейді. Оны дайындау технологиясы мен өзіндік құпияларын таныстырады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Шымкенттің бас аспаздары әл-Фараби алаңына жиналды. Олар сұранысқа ие, жұртты тамсандырған тағамдарын әзірлеп сайысқа түспек. Қазан-ошағын сайлап, түрлі дәмдеуішін дайындап отырғандар тағамның өзіндік жасау технологиясымен де бөліседі.
Бас-аяғы 45 аспаз гастрономиялық фестивальде белгілі мейрамханалардың атынан жарыс жолына түсіп жатыр. Олар үздіктердің қатарынан көрінуі үшін тағамның шығу тарихы мен оның мәдениетін танып-білуі керек. Ал мейрамхана өкілдері арнайы сұрақ дайындап келіпті. Толық әрі нақты жауап берген тұрғындарға тегін тамақтану сертификаттарын табыс етеді.
Қайрат, бас аспаз:
- Бұл палаудың ерекшелігі: жілік майы мен күнжут майын, пісте майын қосамыз. Бұл жерде майдың ерекшелігі бар және сәбізі мен күріші араласпай піседі. Лазер күрішінен жасалынады. Сәбіз бен күріш араласпаған соң адам өз қалауымен оны араластырып, дәміне қарай жеуіне болады. Бұл палауды берген кезде ащы бұрыш және бөдененің жұмытқасын қосып береміз.
Тұрғындарға таныстырылған «Шымкент шайы» мен кондитерлік тәттілер тегін үлестіріліп жатыр. Тағамнан дәм татып, оның таныстырылуын тамашалаған тұрғындар концерттік бағдарламаны қызықтап, би билеп мәре-сәре күйге бөленді.
Алайда «Наурыз көже» бұл фестивальдің басты тағамы ретінде ерекшеленіп тұр. Жеті түрлі дәнді дақыл қосылып, қазақ дастарқанының молшылығын аңғартатын астан тұрғындар дәм татып көріп жатыр.
Виктор Пасынков, бас аспаз:
- Мен көжеме құрт, айран емес сүзбе қосамын. Сондай-ақ жеті емес, тоғыз дақыл бар. Қазы, сүрленген ет, жая. Оны мен 15 жылда үйреніп, әр аспаздан жақсы әдісін алып көжеме қостым. Бүгінгі «Дәм дәстүр» жәрмеңкесіне көп адам келген екен. Бізге көжені тағы дайындау керек-ау деп ойлап тұрмын.
Тағамның көптігі сонша ауыз тиіп, дәм татып жүріп тойып қаласың. Ерекше мәзірдің дайындалу жолын тұрғындар қойын дәптеріне түртіп алып, дәмді астың бар құпиясын біліп алуға құмартып жүр. Ұйымдастырушылар екі күнге созылатын жәрмеңке арқылы гастрономиялық туризм түсінігін қалыптастырып, қала қонақтарының назарын аудартқысы келеді.
Махсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:
- Үздік тағамды айқындайтын өзінің критерийлері бар: тамақтың бір температурада болуы, оның әзірленуі, дәмі, экологиялық тағамдарды қолдануы. Барынша жергілікті тағамдарды қолданғаны абзал.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Жәрмеңкеге төрелік ететін қазыларға артылған жүк ауыр. Себебі кімнің бағы жанып, қай тағамның бәсі биік болғанын анықтау оңайға соқпайды. Алайда ұйымдастырушылар алдағы уақытта қаланың барлық мейрамханасының мәзірі жаңарып, дәмді тағаммен толығатынына сенім білдіріп отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов