Кино және театр актері Юрий Померанцев дүниеден озды
«Ерекше талант иесі, көрерменнің көзайымы болған тұлға – Юрий Борисович қазақ театры мен киносының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол бізге терең мағыналы, шынайы сезімге толы ерекше туындылардың тұтас шоғырын сыйлады», - делінген жеделхатта.
Көрерменге «Біздің сүйікті дәрігер» фильмімен танылған актер еңбек жолында 300-ден аса рөл сомдаған. 99 жасаған өнер иесі 2018 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған болатын.
Өнер иесі көрерменге «Иван Горзный», «Даладағы қайың», «Жол түйісі» сынды фильмдермен етене таныс.
Марина Ганцева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Мен өзімді бақытты актрисамын деп санаймын. Өйткені сүйікті ұстазым Юрий Померанцевтің арқасында актерлік шеберліктің қыр-сырын үйрендім. Бүгін біз үшін өте ауыр күн, театрымыздағы ақсақалымыздан айырылдық.
Марқұмның шәкірттері актер жайлы: «Өнер саласына аса жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарайтын адам болатын», - дейді. Ол бір кейіпкердің рөлін бірнеше жыл қатарынан ойнап жүріп, әрі қарай дамыта түсетін. Актердің сахнадағы соңғы қойылымы «Грин мырзаға бару» спекталі болыпты.
Сергей Попов, М. Лермонтов атындағы театрдың режиссері:
- Мен Юрий Померанцевтің спектакльдерін жібермейтін едім. Соңғы рет басқа қойылымға дайындықтан босай алмағандықтан, ұстазымыздың спектакліне бара алмай қалған едім. Юрий Померанцевті соңғы рет сахнадан көріп қалмағаным үшін өкінемін.
Актерді көрерменге танымал еткен, өнер саласында құрметке лайықты еткен «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі доктор Анатолий Лавров бейнесі. Одан басқа туындылар актердің шеберлігін әрі қарай аша түскен болатын. Өнер иесін ақтық сапарға шығару жұма күні өтеді.