Еуропа қазақтары қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш орнатты
Оны Еуропа қазақтары өз күштерімен орнатқан. Қасіретті жылдардың нәубетін айна-қатесіз суреттеген тың туынды шаһардың орталық мешіті тұрған «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» аллеясында бой көтерген. Оған шетелдегі «Наурыз» қоғамдық ұйымының мүшелері мұрындық болып, жырақта жүрген қандастарымыз қаржы жинаған.
Таза гранит тастан қашалып жасалған ескерткіш халқымыздың басына түскен сол бір нәубетті кезеңдерді еске салады. Туынды бойынан төңкерілген қазан және оған сүйеніп отырған ер азамат пен әйелдің бейнесін көруге болады. Қызылдар қырғынының қасіретін жеткізген бұл туындының авторы Жармұхаммед Тілегенұлы Германиядан арнайы келген.
Жармұхаммед Тілегенұлы, мүсінші /Германия/:
- Екі дене – әйелі мен ер адам бір-біріне қосылғанда ортасындағы қуыстан төңкерілген қазанды көрсеттім. Символикалық мәні бар. Төңкерілген қазан дегенді халқымыз біледі ғой. Нағыз қиыншылық жағдайда қазан төңкеріледі.
Айта кету керек, өткендердің рухына тағзым етілген игілікті шараға Еуропада тұратын қандастарымыздан өзге елдің түкпір-түкпірінен ата-бабасы қасіретті жылдардың құрбаны болған жандар келді.
Ербол Әліқұлов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- Осындай тарихи жобаның жүзеге асуына ұйытқы болған қандастарға аймақ тұрғындары атынан алғыс білдіреміз. Қадірлі қандастар – кешегі азалы жылдары құрбан болған жандардың ұрпақтары. Ендеше бұл жылдардың азабын сіздерден артық түйсіну мүмкін емес.
Халқымыз тарихта екі үлкен ашаршылықты басынан өткерді. Деректерге сүйенсек, 1919-1922 жылдар аралығында 1,5 миллион, ал 1931-1933 жылдары 2,5 миллионға дейін адам қырылған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпыхар