Биыл «Бойдақ күйеу» атты отандық фильм жарыққа шығады
«Tiger films» компаниясы қолға алған туындының түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүріп жатыр. «Егер бәрі жоспардағыдай болса, фильм осы жылдың қыркүйек айында жарыққа шығады», – дейді режиссерлер.
«Бойдақ күйеу» комедиясының қысқаша желісі мынадай. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары өрескел қателік жіберіп, бір-бірін мүлде танымайтын жастарды некелестіріп қояды. Ендігі жерде мұғалім Жібек пен қарапайым Дәурен есімді азамат ажырасу үшін бір-бірін іздеуге тура келеді. Ал өзара жүздескен соң, араларында махаббат оты маздайды.
Нұржан Еркінұлы, режиссер, сценарий авторы:
- Мұнда қыз бен жігіттің арасындағы әдемі махаббат оқиғасы. Жеңіл, қандай да бір негативсіз. Ешқандай қан төгілмейді, кісі өлмейді. Бейәдеп сөз айтылмайды. Отбасымен бірге көретін жақсы комедия.
«Бойдақ күйеу» фильмі – жас режиссерлер Нұржан Еркінұлы мен Медет Қалибековтің бірлескен жобасы. Киносценарийін де екеуі ақылдаса отырып жазғандарын айтады. Жалпы комедия жанрындағы фильмдер біздің жанымызға жақын. Біреулерге оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. «Күлдіремін» деп бүлдіріп алатындар бар. «Сондықтан комедия да үлкен жауапкершілікті талап етеді», – дейді фильм режиссерлері.
Медет Қалибеков, режиссер, сценарий авторы:
- Қазір комедия көп болып кетті деп жатады. Негізі комедиямен көптеген тұрмыстық, әлеуметтік, халықтың арасында жүрген проблеманы айтуға болады. Комедия тілі – жақсы тіл. Бізде бюрократизм бар ғой, соны осы комедия арқылы айтқымыз келді.
Бұл комедияда Артұр Асқарұлы, Қайрат Әділгерей, Нұржан Тұтов, Еркебұлан Тоқтар, Шынар Асқарова және Мәриям Сатай секілді актерлер ойнайды. «Бойдақ күйеу» фильмі қыркүйек айының ортасына қарай жарыққа шығады.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұдәулет Жақсыбаев