Түркістан музыкалық драма театры алғашқы маусымын Дулат Исабековтің «Бөрте» пьесасымен жапты
Содан бері бұл қойылым көрерменнің іздеп жүріп көретін сүйікті спектакліне айналды. Декорация шынайылығымен, сахналық киімдер тартымдылығымен, реквизиттер шеберлердің арнайы дайындалғанымен ерекшеленді. Осы уақыт аралығында «Бөрте» 20 рет жұрт назарына ұсынылып, 12 мың көрермен тамашалады. Бұдан бөлек, театрда «Фариза», «Махаббат мұнарасы» және «Қорқыт туралы аңыз» қойылымдары сахнаға жол тартты. Оларды да халық жылы қабылдап, көрерменнің көзайымына айналды. Жалпы театр ашылғалы мұнда 4 жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Оны 18 мыңға жуық адам көрді. Сахналық қойымдардағы басты рөлдерді елімізге танымал кино және театр әртістері сомдады.
Әшім Ахметов, актер:
- Түркістан театрын біржылдық мерекесімен құттықтаймын! Әрі қарай тарихы терең театр болады деп сенемін. Себебі техникалық жағынан еш жерде болмаған тәсілдер қолданылады. Оны келіп көру керек. «Бөрте» қойылымы болады деген кезде қуанып, асып келіп отырамыз.
Айнұр Көпбасарова, театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі:
- Болашақта да алдыға қойған жоспарларымыздың ішінде жаңа туындыларға, заманауи қойылымдарға ден қойып отырмыз. Өз көрерменімізді жаңа дүниелермен танысуға театрымызға шақырамыз.