СҚО-дағы «Қызыл Оба» қорымы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізіле ме?
Археологтардың айтуынша, жер астынан шыққан қайқы пышақ, өркешті пышақ, түйреуіш пен қайрақ тас секілді құралдар ежелгі неолит кезеңінен сыр шертеді.
«Қызыл Оба» қорымы 2019 жылы ашылды. Сілеті өзенінің бойынан Алтын Орда дәуіріне жататын 7 кесене табылып, ежелгі адамдардың сүйегі көтерілді. Ал биыл ескерткіш маңынан неолит кезеңінің белгілері анықталып отыр.
Сәуле Рақымжанова, Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері:
- Бұл жерде осыдан 8 мың жыл бұрын адамдар өмір сүрген. Табылған құралдарға қарап олардың аң аулағанын, тері өңдеп, ағаштан бұйым жасағанын аңғаруға болады. Қазба жұмыстарын жалғастырып, бұл жерді терең зерттеу керек.
Биыл қорымдағы қазба жұмыстары 10 жерде жүргізілді. Археологтар тағы да орта ғасырларда салынған үш мазар мен өндірістік пештерге тап болған. «Бұл отырықшылық өмір салты болғанын айғақтайды», - дейді тарихшылар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- «Қызыл Оба» қорымының аумағынан оннан аса өндірістік пеш табылған. Демек, сол замандағы адамдар кірпіш жасаумен айналысқан. Сондықтан тарихшылар мұнда Алтын Орда дәуірінің қалашығы болуы мүмкін деген болжам айтады.
Тарихшылардың пайымынша, бұл жерде Жошы ханның ұрпақтары жерленген. Мазардан табылған бағалы әшекей бұйымдары мен қару-жарақтар олардың төре болғанын аңғартады. Алтын Орда қонысын халықаралық сарапшылар да мойындап отыр.
Татьяна Крупа, «Ymai» халықаралық зертханасының меңгерушісі:
- Бұл пештердің көлемін көрдіңіз бе? Бір-біреуінде он-он адамнан жұмыс істеуі мүмкін. Оларға балаларды, әйелдер мен кәрі кісілерді қосыңыз. Сондықтан бұл жерде қоныстың бары айдан анық.
Былтыр «Қызыл Оба» қорымында 55 млн теңгеге жабық нысан салынды. Бұл мазарларды қар мен жаңбырдан, шаң-тозаңнан сақтайды. Әрі археологтардың кез келген ауа райында жұмыс істеуіне негіз болмақ.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Қазір осы объектіні сақтап қалу үшін, одан әрі дамыту үшін, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін музеефикациялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұдан да көп жәдігерлер табылады деп ойлаймын.
Келесі жылы қазба жұмыстарына Ұлыбритания елінің археологтары келіп қосылады. Ал тарихшылар тарихи ескерткішті қазірдің өзінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізуді ұсынып отыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев