Хабар телеарнасы

Алматыда «Жемқорлыққа қарсы вакцина» комедиясы таныстырылды

Шынымен екпе деп ойлап қалмаңыз. Танымал продюсер Құралай Анарбекованың үлкен экранға жол тартқан жаңа кинокомедиясы осылай аталады. Фильмнің премьерасы Kinopark 11 IMAX Esentai-да өтті. Бұған дейін бірнеше фильм түсіріп, көрерменнің ықыласына бөленген Құралай Анарбекованың «Жемқорлыққа қарсы вакцина» комедиясы ертеңнен бастап экранға шығады. 

Премьераға жиналған адам көп. Әнші, актер, блогерден бастап фильмді түсірген шығармашылық топ түгел осында. Бұған дейін Құралай Анарбекова «Тойхана», «Ва-банк», «Брат или брак» секілді комедиялар түсіріп табыс жағынан да, прокаттағы уақыт жөнінен де рекорд орнатқан. «Жемқорлыққа қарсы вакцина» фильмі олардан кем түспейін деп тұр.

Құралай Анарбекова, «Жемқорлыққа қарсы вакцина» фильмінің продюсері:
- Ең басында идея келген кезде, маған өте қызық болды. Осы идеяны арықарай дамытып кино түсіруге бел будым. Ең бірінші қиялдан басталды. Егер осындай вакцина болса еліміз қалай өзгерер екен, адамдар қалай өздерін көрсетер екен деген сол қиялдан осындай оқиға шықты. Фильм шықты.

Жемқорлықпен күресетін ОБКОР ұйымы мен елдің үздік вирусологтары жемқорлардың қанынан «коррупция вирусын» табады. Оны тышқанға жұқтырып көреді. Сөйтсе бірнеше сағаттан соң әлгі мақұлық басқа тышқандардың тамағын тартып алып жей бастайды. Вирустың алгоритмін зерттеген ғалымдар оған қарсы вакцина шығарады. Екпеден кейін тышқан тамақтың иісінен қорқатын болады. ОБКОР ақшаға жақын прокурор Ардаққа вакцина салып, адал жан, қарттар үйінің директоры Русланға «коррупция вирусын» жұқтырып зерттеуді жалғастырады.

Қайрат Әділгерей, актер:
-Бұл тақырып біздерге қызық секілді. Сондықтанда мен бірден ұсыныстан бас тарта алмадым. Ойнағым келді. Оның үстіне менің қасымдағы әріптесім өте мықты актер Рүстеммен бір площадкада ойнап көргім келді.

Картинаның режиссері Тимур Дулатов: «Әзіл арқылы қоғамға ой салғымыз келді», — дейді. «Жемқорлыққа қарсы вакцина» ертеңнен бастап елдегі барлық кинотеатрларда көрсетіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон