Ұлыстың ұлы күніне орай еліміздің әр аймағында мерекелік шаралар басталды
Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылордада мамандандырылған жаңа мектеп-лицей интернаты ашылды. 150 орынға лайықталған білім ұясының пән сыныптары заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда оқушылар 7-ші сыныптан бастап арнайы білім деңгейін саралайтын емтихан арқылы қабылданады. Дәл осындай мектеп сәуір айында Қармақшы ауданында да ашылмақ.
Журналистер қауымы ұлық мерекені сәл-салтанатымен атап өтіп жатыр. Астанадағы Қазмедиа орталығында әз-Наурыз тойланды. Киіз үйлер тігіліп, қазақ ауылы бой көтерді. Әр ұжым, оның ішінде «Хабар» Агенттігі» де дастархан жайып, келушілерге наурыз көже мен ұлттық тағамдарды ұсынды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері түрлі спорттық ойындар ұйымдастырып, өзара жарысқа түсті. Ал өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты.
Сондай- ақ Орталық Азия халықтарының әні мен күйі Қазақ радиосында әуеледі. Ғасырдан аса тарихы бар төл радиомыз, биылғы Наурыз мейрамын ауқымды радиокөпірмен атап өтіп жатыр. 8 мемлекеттің радио толқындары Қазақ радиосының эфирінде бірігіп, мәдени байланысын нығайтты. Радиокөпір барысында Моңғолиядағы қазақ радио станциясында қызмет істейтін қандастар үшін арнайы тарту жасалды. Еліміздің белсенді азаматтары Моңғолиядағы Қазақ радиосына, материалдық-техникалық қолдау көрсететіндерін жеткізді.
Наурызда таңды қарсы алу дәстүрі қайта жаңғырмақ. Күн мен түн теңесетін түнді «Хабар» арнасымен бірге өткізіңіздер! Біздің ұжым көрермендер үшін «Таңғажайып Наурыз» жаңа мегажобасын әзірледі. Арнайы мерекелік шара 21 наурызда сағат 19:00-ден бастап 22 наурыз таңғы сағат 6-ға дейін тікелей эфирде көрсетіледі. Ән-би, театрландырылған қойылымдар, айтыс, спорттық сайыстар қамтылған. Ұлттық әдет-ғұрыптар, қолөнершілер жәрмеңкесі мен түркі тағамдары таныстырылады. Түсірілім алаңы ретінде Түркістан қаласы мен Елорда таңдалыпты.