Алматы келбеті этно стильдегі демалыс орындарымен толықты
Алматы – жоғары мәдениет, сапалы қызмет көрсетуімен ерекшеленеді. Бұл туристерді тартудың негізгі кілті. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері Алматыға 199 мың шетелдік қонақ келген. Олар көбіне Ресей, Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Түркия, Германия елдерінен келген.
Еліміздің мәдени астанасы Алматының келбеті соңғы жылдары этно-стильдегі демалыс, тамақтану орындарымен толықты. Бұған әсіресе шетелдіктердің қызығушылығы басым. «Ұлттық тағамнан бөлек, олар дәстүр мен мәдениетті танытатын интерьер туралы білгісі келеді», – дейді мейрамхана өкілі. Мұнда табалдырықтан аттаған әр қонаққа тары қосылған шәй мен ыстық бауырсақ ұсынады. Шетелдіктер бірінші кезекте қонақжайлылыққа тәнті.
Тамара, турист (ГРУЗИЯ):
- Мен Грузияданмын. Алматыға келгеніме қуаныштымын. Тұрғындары да тамаша. Маған бұл жер ұнайды. Сіздерге сәттілік тілеймін!
Дебора, турист (ИЗРАИЛЬ):
- Мен бұл елді, осы мәдениетті қатты жақсы көремін. Ал бұл мейрамхана қаладағы әйгілі мейрамханалардың бірі. Асханасы өте әдемі, дәмді және тамаша қызмет көрсетуге куә болдық. Біз Қазақстанды өте жақсы көреміз! Алматыны жақсы көреміз. Алматыға екінші рет келдік.
Қала тұрғындарының жиі бас қосатын орындарының бірі – кинотеатрлар. Соңғы кезде үлкен экрандағы фильмдерге сұраныс басым. Әрі афишадан талғамыңызға сай фильмді табуға мүмкіндік бар. «Қызмет көрсету де жоғары деңгейде», - дейді келушілер.
Мағжан Шынжырбеков, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл жер жайлы қызмет пен жылы қарым-қатынасымен ерекшеленеді. Билеттер, орындармен түсінбеушілік болса, тез арада көмектеседі. Бұл кинотеатрға бала кезімнен бері келемін.
Арман Тасқалиев,Алматы қаласының тұрғыны:
- Сервисі бәрі әдемі, кешке келіп демалғанға барлығы өте әдемі. Қандай мықты кино шықты, қандай кино тартып алды, соған барамын.
Алматының артықшылығы – Іле Алатауының баурайында орналасуы. Бұл көрініс қаланың әсемдігін еселейді. Дүние жүзінде тауға жақын қалалар саны 10 аспайды екен. Сондықтан бұл жаяу серуендеу, альпинизм және өрмелеу сияқты іс-шаралар мәдениетін дамытуға таптырмас мүмкіндік.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Сұлтан Бейсекенов