Түркістан – демалу мәдениеті өзгеше өңір
Түркістанға барған туристер мен демалушылардың көбі ұлттық тағамдарды ұсынатын тамақтану орындарын таңдайды. Себебі онда басқа мейрамханада кездеспейтін ұлттық ас мәзірлері бар. Әрі қызмет көрсету сапасы да өзгеше. Ұлттық киімдегі ұл-қыздар жадырап жүріп қарсы алып, төрден орын ұсынады
Ұлттық нақышта безендірілген мейрамхана тек ұлттық тағамдар мен сусындарды ғана ұсынады. Сондықтан да туристер мұнда жиі аялдайды. Мейрамхана өкілінің айтуынша, алдымен меймандар қымыз бен қымыраннан дәм татып, құрт, май, ірімшік пен ыстық бауырсақтан ауыз тиеді. Одан кейін аяқты созып, құс жастыққа жантайып жатып, бағлан қозының балбырап піскен қуырдағын қалағанынша жейді. Қонақтар ұлттық киімдегі даяршылардың қызметіне дән риза.
Лаура Әбдірахым, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Мен алғаш келуім бұл мейрамханаға. Өте қатты ұнады, мәзірлері қазақша. Даяршыларының қызмет көрсетуі де қатты ұнады. Бұл жерде әрбір тамақтың өзінің тарихы бар екен. Неден жасалынғаны, қалай жасалғаны. Ішіндегі сандықтар, кілемдер, таңбалар барлығы бір-біріне үйлесімді сәйкескен.
Мұрат Амангелдіұлы, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен жұмыс барысымен Астанадан келген едім. Бұл жердің кереметтілігі өзіміздің қазақи нақыштағы көрпе-төсектері, оюлары және ұл-қыздары керемет күтіп қарсы алуда. Киген киімдері өте әдемі, жарасымды.
Одан кейін қала қонақтары мен тұрғындары мейрамханада өтетін жас ақындардың поэзия кешіне барып, өлең тыңдағанды ұнатады. Күйбең тірлікті бір сәтке ұмытып, романтикалық кештен ләззат алады. Сезімге ерік беріп, ерекше әсерге бөленеді. Рухани күш жинап, тынығады. Кофе ішіп, көңіл көтереді.
Жанерке Бараққызы, қала тұрғыны:
- Бұл менің ойымша жаңа буынның, жастардың әкеліп жатқаны лебі, идеясы. Кен өте әсерлі өтті. Шығармашылық әлеміне сүңги түстік. Керемет әсер алдық.
Рысгүл Досжанова, жас ақын:
- Бұл әлемде бар эксперимент, түрлі әлем елінде дәл осылай кофе ішіп, шай ішіп отырып та, өлең тыңдайтын оқырмандар бұрыннан бар.
Түркістанда соңғы 5 жылда 30 аса түрлі саябақ мен аллея ашылды. Самаладай жарық шамдар күндізгідей әсер сыйлайды. Парктердегі жасанды көлдер мен субұрқақтар қала тұрғындарының таза ауамен тыныстап, тынығатын орнына айналған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш