Хабар телеарнасы

Астанаға «The Spirit of Astana» фестивалі қайта оралды

Бүгінгі мерекеге орай EXPO маңындағы жазғы сахнада этникалық музыка әуеледі. Елордада алғаш рет 2017 жылы өткен шара 2019 жылдан кейін ұйымдастырылмаған болатын. Міне, араға 4 жыл салып, аталған фестиваль қайта жанданды. Биылғы фестиваль қалай өтіп жатыр? Астаналықтарға ұнады ма?

Дамир Берікұлы, тілші:
- Биылғы этно-фестивальға қазақстандық өнерпаздардан бөлек, Өзбекстан, Грузия, Израиль мен Венгрияның музыканттары қатысып жатыр. Олар астаналықтарды этникалық әуенге бөледі. Жалпы «The Spirit of Astana» этно-фестивалінің тарихы «The Spirit of Tengri» этно-фестивалінен бастау алады. Басты мақсат – әлем халқын музыка арқылы біріктіру, бір-бірінің мәдениетімен таныстыру. Сол арқылы адамдарды жақындастыру. Ал биылғы фестиваль ерекшелігі неде? Қандай танымал әртістер келді? Оны фестивальдің жетекшісі Аида ханымнан сұрап білсек.

Музыкалық шоудан бөлек фестиваль аясында астаналықтар мәдени мұра мен жәдігерлер әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік алды. Келушілер қазақтың ұлттық ойындарын тамашалап, қолөнер бұйымдарының көрмесін аралады. Қазақтың ұлттық құндылықтарына қанықты. Бұл да болса мәдениетімізді әлемге паш ету үшін жасалып отырған іс-шара.

Дамир Берікұлы, тілші:
- Жалпы фестиваль осындай ауқымды деңгейде әрі жоғары көңіл-күйде өтіп жатыр. Ал концерттік бағдарлама түнгі сағат 10 дейін созылады. Бірнеше жыл тоқтап қалған фестиваль алдағы жылдары дәстүрге айналуы мүмкін. Ал қазір осындағы атмосфераны сезіну үшін концерт тамашалауды ұсынамын.