Отандық туризм неге тұралап тұр?
Әлем бойынша ішкі жалпы өнімнің 10% туризмнен түседі. Ал біздегі көрсеткіш ауыз толтырып айтуға жетпейді. Былтыр осы салада өсім болды. Оның өзі 2,7%, яғни 2,6 трлн теңгеге жеткен. Ал бұл салаға құйылған қаржымен пара-пар. Демек туризмге кеткен қаражат өзін ақтамай отыр. Ал саланың дамуына не кедергі?
Катон-Қарағай, Марқакөл, Бұқтырма. Шығыста көркіне көз тоймайтын жерлер көп. Жыл он екі ай, тек туризм саласынан-ақ қыруар пайда көруге әлеует жетеді. Бірақ туристерді өлкеге төгілдіріп әкелуге инфрақұрылым кедергі.
БЛИЦ:
- Марқакөлге барып келдім осы жазда Шығыс Қазақстанда. Жол өте нашар. Ол жердегі қонақүйлер, жалпы сервис дамымаған ғой.
- Тауға да шығамыз, балыққа да барамыз, соның өзінде де былай қарасаң баратын жерлерде дәретханалары жоқ, тамақ ішетін орындары жоқ. Түнде қонып демалатын жерлері жоқ.
Елге былтырдың өзінде 1 млнға таяу турист келіпті. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш 2025 жылға дейін 2 есе артуы тиіс. Ал саяхатшының ең бірінші қажеттілігін қанағаттандырмай тұрып, жоспар белесіне жету қиынға соғары анық. Бағаның шарықтауы тағы бар.
Алмас Маратұлы, туристік компания жетекшісі:
- Біз туристік өнімді жасаған кезде ең көп қаражат 60% жуығы ол туристік өнімнің ішіндегі логистикаға кетеді, яғни трансферге кетеді. Трансферді біз жалдаған кезде олар баратын жерге байланысты бағасын айтады. Жол нашар болатын болса, бағасын жоғары айтады. Сондықтан инфраструктура өте қатты әсер етеді бізге бағаны жасаған кезде.
Инфрақұрылым мәселесі тікелей жергілікті атқарушы билікке қарағанмен, жауапты министрлік те бұдан шет қалмайды. Былтырдың өзінде 28 жоба жасап, жолдарды жөндеген. Әсте бар мәселені шешу үшін қаржы көзін табу керек. «Сондықтан салаға инвесторларды тарту маңызды», -дейді ресми орган өкілі.
Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустрия комитеті төрағасының орынбасары:
- 130 астам инвестициялық жобалар іске асырылған болатын. Қазір бізде мониторингте тұрған 200 астам жоба бар. Біздің мақсатымыз – туристерге қолайлы жағдай жасау. Қолайлы жағдай жасау үшін біз бірнші оларға тұратын жерін әзірлеуіміз керек. Егер де біз жақсы бір халықаралық талаптарға сай қонақүйлер салатын болсақ, инвестициялық жобаларды тартып, онда туристердің елімізге келер саны артатын болады.
Есебі мен ебін тапқан мемлекеттер экономикасын алға сүйреп, қазынасына қыруар қаржы түсіреді. Бір ғана Тайландтың туризмнен көрер табысы 58 млрд доллардан асады. Ал бұл біздің мұнайдан көретін жылдық табысымыздан әлдеқайда артық. Қазынаны байытып, елді танытатын мүмкіндік бізде де бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болады. Жалпы орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек.
Президент Жолдауынан кейін 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім жасала бастаған. Жақын арада мемлекеттік орган бұл тізімді бекітеді. Одан кейін жүйелі жұмыс пен оны тиянақты қадағалаусыз тындырымды дүние болмас.
Авторлары: Дана Әлиева, Қанат Абильдин