Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті отырысы өтеді
Дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, шығыс пен батыс өркениеттері арасындағы түсіністікті тереңдету. Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезі осы міндеттерді орындауға өз септігін тигізетін шаралар қатарында. Санауалы күндерден кейін осы съезд хатшылығының кезекті отырысы өтеді. Оған кімдер қатысады, шара аясында қандай тақырыптар көтеріледі?
Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің басты орталығы – Бейбітшілік және келісім сарайы. Сарапшылардың пікірінше, осы алаң арқылы Қазақ елі әлемдік бірлікке, татулық пен достыққа үлесін қосып жатыр. Дінбасшыларының алғашқы кездесуі 2003 жылы өтті.
Руслан Ахмет, ұйымдастыру тобының өкілі:
- Шетелде екі мыңыншы жылдардың басында дінаралық қарым-қатынас өршіп кетті. Халықтар бір-біріне қарсы шығып, сол кезде біздің съездің өмірге келуі өте бір дұрыс уақытында болды деп есептеймін.
Сол қажеттілікке қарай басталған шара кейін дәстүрге айналды. Съезд 20 жылда 7 рет ұйымдастырылды. Оған 58 елден делегат қатысты. Нәтижесінде бірлескен декларациялар қабылданып, әлем халқы мен үкіметтерге үндеулер жасалды.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
- Қазақта сөз бар көзден кеткен, көңілден кетеді деген. Сондықтан біз барынша бір-бірімізбен кездесіп отыру арқылы мұсылманнның бірлігін нығайтуға үлесін қосады. Одан әрі қарай айтатын болсақ әртүрлі діндердің бір үстел басына жиналуы олардың ымыраға, ынтымаққа келуіне себеп болады.
Съезд әртүрлі күн тәртібімен, қатысушылардың ерекше форматымен, саяси икемділігімен ерекшеленеді. Қатысушылар санының өсуі және күн тәртібінде талқыланатын мәселелердің дамуымен форумның бағдарламасы да айтарлықтай кеңейді. Тек пленарлық сессиялар ғана емес, сонымен қатар бірнеше секциялық отырыстар түрінде өткізілетін болды.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Хатшылық отырысы қазанның 11 күні өтеді. Қазірдің өзінде оған 20 елден 35 делегат қатысатындығы расталыпты. Жиында келесі съездің тақырыптары қаралып, алдағы 10 жылдың даму тұжырымдамасы талқыланады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Нұрлан Малгелдинов