Талдықорғанда BIKEN І халықаралық театр фестивалі басталды
Қазақстанның халық артисі, КСРО-ның және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың туғанына биыл 100 жыл. Осыған орай Талдықорғанда BIKEN І халықаралық театр фестивалі басталды. Мемлекет басшысы шет елде жұмыс сапарымен жүрсе де, елдегі мәдени шараға қатысушыларға құттықтау хатын жолдады. Онда: «Бикен Римова – ұлттық мәдениеттің дамуына орасан үлес қосқан көрнекті тұлға. Өмірде де, өнерде де өзгелерге үлгі болды. Халқымызға ардақты қайраткерлердің еңбегін ұмытпау, еске алу – біздің парызымыз. Сондықтан тәрбиелік мәні бар халықаралық фестивальді өткізудің маңызы зор»,— делінген құттықтау хатта. Шараға еліміздің және көршілес мемлекеттердің театр ұжымдары қатысып жатыр. Әрі «Өнерімен өрілген өмір» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Бикен Римова саналы ғұмырының 60 жылын театр және кино өнеріне арнап, екі жүзден астам рөлді сомдады. Тума талантымен, еңбекқорлығының арқасында аналар бейнесінің алтын діңгегіне баланды. Ал кинода «Тақиялы Періште», «Менің атым қожа», «Қозы Көрпеш Баян сұлу» сынды танымал фильмдер арқылы көрермен қауымның жүрегіне жол тапқан.
Амангелді Мұқан, өнертанушы:
-Бикен апамыз біржақты актриса болып қалған жоқ, ол кісі үлкен өнер тұлғасы. Одан бөлек ол кісі драматург, қаламгер ретінде қалдырған дүниелері сахнаға пьесса жазуы, пьесссалары инсцинировкалары қазақтың тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.