Үрмелі аспаптарда ойнайтындарға арналған халықаралық академия гала-концерт берді
Алматыда үрмелі аспаптарда ойнайтындарға арналған халықаралық академия гала концерт берді. Бұл шараға үш жылдан бері Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы және «Батырхан Шүкенов» атындағы қоғамдық қор ұйытқы болып келеді. Биыл академияға қатысуға 100-ге жуық музыкант өтініш берген. Соның тек жартысы іріктеуден өтті. Талап бойынша 14 жастан 45 жасқа дейінгі кәсіби орындаушылар мен студенттер қатысуға мүмкіндік алды. Олар 5 күн бойы валторна, тромбон, керней, флейта және саксофон аспабының шеберлерінен сабақ алды. Мамандар Франция, Жапония, АҚШ, Германия сияқты бірнеше елден келді.
Ержан Кушанов, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының артисі
-Мәдени ортада бұл музыкалық кештің маңызы өте зор. Еуропада мұндай оқу өте қымбат тұрады. Біз таланттарды іздеп табу үшін, оларға қолдау көрсету үшін бәрін тегін ұйымдастырып отырмыз. Тіпті іріктеуден өтпеген қатысушыларға шеберлік сабағын тыңдауға мүмкіндік бердік. Ал академия қатысушылары сертификат алады. Педагогтардың қатарында Жюльен Люка, Бенуа Кутрис, Жасұлан Абдықалыков, Хенри Уиллифорд және Йо Матсушита сынды мықты мамандар бар.