Хабар телеарнасы

«Адам бол»: Қазақстан мен Нолливуд жаңа фильм түсірді

Еліміздің барлық кинотеатрларында «Адам бол» фильмінің тұсаукесері өтіп жатыр. Бұл – Қазақстан мен Нигерия режиссерлерінің бірлескен жобасы. «Киноның 80%-і Африка жерінде түсірілгенімен, қазақстандық көрерменге ой салар тұсы көп»,- дейді бас продюсер Қымбат Досжан.

Таршылық көрмей өскен бай-бағланның ерке баласы әкесінің нұсқауымен Америкаға аттанады. Қасына достарын ертіп алған ол ойда жоқта Нигериядан бір-ақ шығады. Міне, осыдан бастап, қазақтың үш баласы аман қалудың ғана емес, ұлтын ұятқа қалдырмаудың амалдарын іздейді.

Қуаныш Құдайберген, актёр:
- Фильмге келетін болсақ, қазіргі таңда біздің қоғамда көп жетіспейтін нәрсе қарапайымыдылық, кішіпейілділік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, күпіршілік жасамау деген сияқты тұстарын көрсетуге тырыстық.

«Адам бол» фильмі – Қазақстан мен Нигерияның алғашқы бірлескен жобасы. «Жылына кемі 2,5 мың фильм түсіретін Нолливудтың киноиндустрия саласы біздер үшін үлкен мектеп»,- дейді түсірілім тобы. Экшн-комедия жанрындағы фильмнің бас режиссёрі Алмас Әлімжанов. Ал Лоастағы түсіруге Чета Чуку режиссерлік еткен. Актёрлік құрамда Нигерияның танымал киножұлдыздары да бар. Себебі бұл туынды екі елде де көрсетілетін болады.

Қымбат Досжан, бас продюсер:
- Иә, біздің ойымыз
Netflix платформасына шығару. Өйткені коопродукция деп айтып отырмыз ғой. Фильм түсірілгенімен, екі түрлі  монтаж жасалып жатыр. Қазақстандық монтаж өзіміздікі және нигериялықтардың өзінің монтажы. Өйткені көп жағдайда олардың менталитеті бөлек қой, олардың қалжыңы бізге түсініксіздеу болуы мүмкін. Біздің қалжыңдарымызды олар түсінбеуі мүмкін деген сияқты.

Қазақ топырағынан бастау алып, джунглидің экзотикалық табиғатында түсірілген фильм көрерменге жол тартты.

Алуа Маханбет, Айбын Құсанбеков