Атбасарда сібір жарасынан екі ауыл карантинге жабылды

  • 26
  • 08.07.2025, 18:35

Ақмола облысы Атбасар ауданындағы екі ауылда сібір жарасының ошағы анықталып, карантинге жабылған. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеуінше, 19 адам қауіпті дертті жұқтырған.

Үкіметте ветеринария саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Ет өнімдерінің қауіпсіздігін арттыру үшін Үкімет қандай шараларды қабылдады? 

Ақмола облысындағы екі ауыл іргесінен 15 күні бойы мал да, адам да шыға алмайды. Себебі аймақта төтенше санитарлық режим жарияланды. 19 адамнан сібір жарасы анықталған.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 

- Атбасар ауданында далада, ауылдан 7 км жерде мал баққан. Екі ауылдың малдары сол жерде жиналған. Алғашқы кезеңде жеті мал, кейін үш мал сібір жарасының көміліп сақталған жерінде жайылып, жұқтырып алған. Жалпы он малдың бәрі алынып, өртелді. 

Науқастардың бірі ауыр хәлде, ал қалғандарының жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Індетті әрі қарай таратпау үшін ауылдан шыққан ет өнімдерінен сынама алынды. Нәтижесі – теріс. Дегенмен министр ветеринариялық құжаты жоқ мал өнімін сатқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 

- Бұл мал есепте тұрмаған. Вакцина уақытылы салынбаған. Қазір мал иелеріне қатаң сұрақ болады. Малды бұлай ұстауға болмайды. Мал туды ма, бұзау туды ма 7 күннен кейін «биркасын» құлағына ілу керек. Мал иесіне «бирка» тақпағаны үшін бір де бір айыппұл жоқ. Мүмкін қатаңдатып, айыппұлды 2 есе көтерерміз.

Мәселе Үкімет басшысының назарынан да тыс қалған жоқ. Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы жануарларының дерекқорын жедел тексеруді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Саланың тұрақты жұмысы еліміздегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен де тікелей байланысты. Ол халықтың денсаулығына тікелей әсер ететін өте маңызды мәселе. Сондықтан өңірлерде сапалы ветеринариялық инфрақұрылым жұмыс істеуге тиіс. Бұдан бөлек, аурудың алдын алу мақсатында ветеринариялық екпелерді уақытылы жүргізу қажет. Сонымен қатар сырттан әкелінетін мал өнімдеріне бақылауды күшейту қажет.

Үкімет мал қозғалысын қадағалау, екпе жүргізу процестерін түгелдей цифрлық бақылауға алуға кірісті. Мәселен, мал дәрігерлері мен фермерлер үшін арнайы мобильді қосымша, электронды паспорт пен деректерді оқу жүйесі енгізілді. Малдың туғанынан бастап сойылғанға дейінгі барлық дерек цифрлық жүйеде тіркелуі тиіс.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Агроөнеркəсіптік кешен саласында цифрлық технологияны енгізудің бір мысалы, отандық смарт-трекер жəне ауыл шаруашылығы жануарларының жай-күйін мониторингтеу жүйесі. Шешім фермерлер мен аграрлық компанияларға малдың жағдайын онлайн бақылауға жəне оларды түрлі аурудан сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жүйе еліміздің үш өңірінде енгізіліп, табысты жұмыс істеп жатыр.

Мал шаруашылығы және ветеринария саласында 93 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Оның 51-і онлайн ұсынылады. Үкімет бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бұл тек бақылауды күшейтумен шектелмей, саланың қауіпсіздігі мен өнім сапасын арттыруға жол ашады. Ал ірі қара мал баққан фермерлерге қосымша қолдау ретінде жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі.

Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев