Ақмола облысында жыл басынан бері төрт бірдей қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Бұл заңсыз қаржылық құрылымдарға екі мыңнан астам адам бір миллиард теңгеге жуық қаражат салған. Ең ірі пирамида Щучинск, Степногорск және Атбасар қалаларында тұтынушылық кооператив ретінде жасырын жұмыс істеп, азаматтарға жоғары табыс уәде еткен. Құқық қорғау органдары пирамида филиалдарының қызметін ұйымдастырған 12 күдіктіні ұстады.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта жалған қаржылық ұйымдардың заңсыз қызметін алдын алу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сәкен Мұшағалиев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары:
- Биыл біздің департамент әлеуметтік желілерде қаржы пирамидаларына қатысты 8 топ пен аккаунтты бұғаттады. Бұл топтарда 1 953 қатысушы болған. Сонымен қатар «Кибербақылау» ақпараттық жүйесіне қаржы пирамидаларын насихаттайтын 421 сілтеме енгізілді. Қазір оның 396-сы бұғатталды.