Ақтөбедегі «Шағала» шипажайының тәрбиешісі бүлдіршінді соққыға жықты
Интернет бетін парақтап отырған оқырманның жүрегін селк еткізген бейнетаспаны «Шағала» шапажайындағы бөбектердің бірі түсірген. Оның айтуынша, мұндай қатыгездікке мекеме қызметкерлері жиі жол беретін көрінеді.
Бірінші болып дабыл қаққан – ата-аналар. Артынша тәртіп сақшылары мен құзырлы орган өкілдері тексеру жұмыстарына кірісіп кетті. Полицейлер зардап шеккен бала мен оқиғаны көзімен көрген кішкентай куәгерлерден мән-жайды анықтауда. Қылмыстық іс қозғалды.
Ерболат Сарқұлов, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Дене жарақаттарының болуы мен ауырлығын анықтау мақсатында сараптама тағайындалды.
Қазір облыстық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия да тексеруге кірісті. Бүлдіршінді соққыға жыққан тәрбиешімен қатар оның қасында қарап отырған ересек жанның да әрекетіне тиісті бағасын беруі тиіс. Әзірге шипажай басшылығы: «Екеуін де жұмыстан босаттық», – дейді. Мекеменің бас дәрігерінің айтуынша, мұндай оқиға шипажайда бұрын-соңды болмаған.
Серік Жаңылсынов, «Шағала» шипажайының бас дәрігері:
- Тәрбиешілердің біздің мекемеде қызмет етіп келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт болған. Оның атына бұрын-соңды ешқандай шағым-арыз түспеген. Тәрбиешіден түсініктеме алдық. Толық мойындап тұр.
Қазір «Шағала» облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезі шипажайында 100-ден астам бүлдіршін ем алып жатыр. Мұнда олар дертті болған жақындарынан уақытша оқшаулау үшін жеткізіледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков