Петропавлда жол салу кезінде тұрғын үйдің кіреберісі жабылып қалған
Себебі мұнда бір шақырымдай жерге жаңа асфальт төселіп, үйлерге кіреберіс жолдар жабылып қалған. Енді халық: «Жедел-жәрдем көлігін де шақырта алмай қаламыз», – деп алаңдаулы.
Бұл Крепостная көшесі. Береке ықшам ауданын орталықпен байланыстырады. Көп жыл бойы жөндеу көрмеген. Тек биыл ғана бұл учаскеге жаңадан асфальт төселді. Салдарынан халық өз үйлеріне кіру үшін енді айналма жолмен қатынауға мәжбүр.
Валентина Попивняк, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Үйлерімізге кіреберіс жолды жауып тастады. Тратуар төсеп, бордюр қойды. Оның үстіне міне жасыл желек егіп жатыр. Көліктерімізді ауламызға қалай қоямыз сонда? Жолды жөндей бастағанда, төбеміз көкке жеткен еді. Қазір қуанышымыз су сепкендей басылды.
Бұл учаскеде 6 үй бар. Барлығы да көппәтерлі. Халық: «Жедел-жәрдем көлігін шақырта алмай қаламыз ба», – деп дабыл қағуда. Ал мұнда тұратындардың көбі –зейнет жасындағылар.
Людмила Хухлова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Әкімдіктегілер: «Үш жыл бұрын біздің үйлеріміз бұзылады»,– деген. Қазір жоспар өзгеріп кетіпті. Бізді көшірмесе, неге жағдай жасамайды? Сол жолды өзіміз жасап алуға дайынбыз. Тек әкімдік рұқсат бермей отыр.
Тұрғындар бұл мәселені жаз айларынан бері бірнеше рет көтерген. Жауапты мамандардың атына жазбаша қалдырған хатта есеп жоқ.
Дулат Шәріпов, Қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Жобалық-сметалық құжатта кіреберіс жолдарын салу қарастырылмаған. Мемлекеттік сараптамада да солай бекітілді. Себебі ол жердегі баспаналар сүрілуі керек болатын. Енді қазір жобаны өзгертетін боламыз.
Жобаға өзгерту енгізілген соң, қалалық әкімдіктегілер уақытша кіреберіс жолдарды салып беруді жоспарлап отыр. Көп ұзамай қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақ.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев