Риддер қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды
Өйткені кәсіпорындағы бірінші қазандық агрегатының құрылғысы істен шыққан. Салдарынан жылу жеткізу температурасы тиісті 70 градустан екі есе төмендеп кеткен. 22 мың абонент жылуға жарымай отыр. Электр пештерін қосып, амалдап отырғандар көп. Қазір облыс әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылды. Өскеменнен мамандар шақыртылып, жөндеу жүріп жатыр.
Раиса Лебедева, Риддер қаласының тұрғыны:
- Үй суық. Әйтуір батарея қатып қалмаса болды деп отырмыз. Соңғы үш апта бойы осылай қиналып келеміз.
Әл-Тайыр Сыздықов, «Риддер ЖЭО» АҚ президенті
- Жөндеу жұмыстарының бір бөлігі аяқталса, ертең тұрғындар батареядағы жылудың көбейгенін байқайтын болады. Ал толық қуатына шамамен 5-7 күннің ішінде қосылады деп тұрмыз. Бірақ одан да ерте аяқтауға бар күшімізді саламыз.