Түркістан облысында үйлерді су басты
Әсіресе Сауран ауданына қарасты Абай мен Бабайқорған ауылдарында үйлер мен әлеуметтік нысандардың ауласына су кірген. Бұдан бөлек өңірдегі таулы аудандарда қардың еруі мен жауын-шашынның көп түсуіне байланысты су деңгейі көтерілді. Салдарынан Түркістан, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы аудандарында да аулалар мен көшелер су астында қалды. Қазір облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үйлерге су кіріп кетпес үшін су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған 50-ден астам құтқарушы мен 10 бірлік техника және 20 мотопомпа жұмылдырылған. Қазір мамандар су басқан аулалардың санын анықтап жатыр.
Ерік Сарыбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Қазіргі таңда Кентау қаласымен Бәйдібек ауданындағы судың деңгейі түсіп, ешқандай елді мекендерге қауіп жоқ. Қазір тек Сауран ауданында ғана судың ағуы елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғаны байқалады. Ақпаратқа сәйкес су басқан үйлер жоқ. Тек аулаларда ғана су. Зардап шеккендер жоқ.