БҚО-да бірнеше ауылды су басты
Қауіпті аумақтардан 232 адам эвакуацияланды. Деркөл өзенінің деңгейі нормадан асып, Маштаков ауылындағы 80-ге жуық үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқынға тойтарыс беруге мыңға тарта адам жұмылдырылған. Қазіргі уақытта 54 үйдің аумағында су сору және су бұру каналдары салынып жатыр. Ал Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында 30 шақты үйге су кірген. Тасқынның бетін қайтаруға 300-дей адам тартылған. Олардың қатарында еріктілер де бар. Ақсайдың іргесіндегі Пугачев, Қызылтал және Аралтал ауылдарында да жағдай мәз емес. Өңірдегі жолдардың 21 бөлігін су шайып кеткен. Аймақта барлығы 12 елді мекенмен көлік қатынасы үзілді.
Арсен Баяндықов, Ақсай қаласының әкімі:
- Қызылтал ауылында қазір су сору жұмыстары жүргізілуде. Ақсай қаласында үш эвакуациялық пункт орналасқан. 3-7 және 8 мектептерде олар тиісінше Ақсай қаласының орталығында және Қызылтал, Аралтал ауылында 40 шақты адам сол пункттерде орналасып, ыссы тамақпен және жататын орындармен қамтамасыз етілді.