Абай облысында қарағайлы орман өртеніп жатыр
Құтқарушылар кешелі бері қызыл жалынмен тынымсыз арпалысуда. Алдын ала болжам бойынша Бородулиха ауданындағы 2 мың гектарға жуық алқап отқа оранған. Тілсіз жау тұрғындардың үйіне жетті ме? Аудан халқын эвакуациялауы мүмкін бе?
Азамат Қасым, тілші:
- Семей орманы табиғи резерватындағы өртті сөндіру әлі жалғасуда. Міне, Астана мен Өскеменнен екі тікұшақ көмекке келді. Қазір өртті сөндіру жұмысын жүргізуде.
Алапат өртті сөндіруге 300-ден астам адам мен 100-ге жуық техника тартылған.
Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:
- Үдей соққан жел жағдайды ушықтырып тұр. Өрттің негізгі ошағы Ресейдің Алтай өлкесі жағында. Сол тұсқа өртке қарсы вагонды қойдық. Арнайы құрылған жедел штаб жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Азамат Қасым, тілші:
- Жедел штаб осыдан бір сағат бұрын анау орманның ішінде жұмыс істесе, қазір тура күре жолдың бойында жұмыс істеп жатыр. Өйткені, көріп тұрғандарыңыздай өрттің бетті қатты. Сондықтан осылай жиі-жиі орын ауыстыруға мәжбүр.
Абырой болғанда Бородулиха ауданының ауылдарына қауіп төніп тұрған жоқ. Полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізуде.
Мақсат Елемесов, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы Абай облыстық филиалының жетекшісі:
- Қазір бар күш-жігерімізді 103 квартал аумағындағы өртті сөндіруге жұмсап жатырмыз. Әзірге техника мен адам күші жеткілікті.
Облыстық Төтенше жағдай департаменті мамандарының айтуынша, өрттің үш ошағы анықталған. Соның екеуі сөндірілген. Айта кетейік, орман өрті көрші Ресейдің Алтай өлкесінен бастау алған. Ондағы қызыл жалын кеше Бородулиха аумағына өткен болатын.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы