Абай облысында орман өртінен 3 адам қаза тапты
Хабарымызды қайғылы жағдайдан бастауға мәжбүрміз. Абай облысында кеше басталған алапат өртті сөндіру кезінде 3 орманшы қаза тапты. Мемлекет басшысы Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетуді тапсырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатыр. Бұл туралы ақорданың телеграм каналында жарияланды. Сондай-ақ Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Бородулиха ауданы мен Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Соңғы мәлімет бойынша, Абай облысындағы алапат өрт 30 мың гектар жерді шарпыды. Тілсіз жау аумағы одан да көп болуы мүмкін! Өртті ауыздықтау қиынға соғып тұр. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша географиялық жағдай да өте қиын, себебі ауыр техника құм төбелерінен әрең өтеді. Өртпен күреске 662 адам, 177 техника мен 6 тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су төгілді.
Ернар Жәлелов, Абай облысы ТЖД бастығы:
-Абай облысындағы өртті сөндіру жалғасуда. Жеке құрам күні-түні жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнде 3 ауылға өрт қауіпі бар. Тұрғындар өз еркімен эвакуацияланған.
Қазіргі таңда Успен, Поднебесное, Барышевка ауылдарына қауіп төнгендіктен, 320 адам эвакуацияланды. Ауылдарда қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың мүлкін қорғау үшін ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған. Аудан орталығы Бородулиха тұрғындарына қауіп төніп тұрған жоқ. Десе де халық өрттің түтініне алаңдап отыр. Қандай да бір көмек керек болған жағдайда 112 және 102 нөміріне хабарлап, Төтенше жағдайлар және облыс әкімдігінің жедел желі ұйымдастырды, олардың нөмірін қазір экрандарыңыздан көріп отырсыздар.
жедел желі:
8-7172-53-32-84
8-722-235-38-31))
Рыскүл Атаева, Бородулиха ауылының тұрғыны:
-40 жылда көрмеген өрт. Халыққа рақмет, таксистерге рақмет көмектесіп жатыр. Қазір больницаның алдында автобустар дайын тұр.