Наурызым қорығында өрт шықты
Қостанай облысының Наурызым мемлекеттік қорығының аумағында бірнеше жерден өрт шықты. Аудан орталығы Қарамеңдіден 10 шақырым қашықтықта құрғақ шөп пен бұталар жанып, қызыл жалын орман алқабын да шарпыған. Екінші өрт Шолақсай ауылының маңында тұтанды. Ол жерде Сарымойын өзені айналасындағы қамыс пен құрғақ шөп жанған. Одан кейін Қарамайшы бөлімшесіне жақын тұста қою түтін байқалған.
Бастапқы болжам бойынша найзағайдан тұтанған от шамамен 60 га астам қорық аумағын шарпыған. Өртті сөндіруге ұйытқыған жел мен батпақты жер кедергі келтіргендіктен Астана қаласы мен Ақмола және Ақтөбе облыстарынан төтенше жағдай қызметкерлері көмекке барды. Барлығы 200 жуық адам, 55 техника жұмылдырылды. Одан бөлек қосымша тағы екі тікұшақ жіберілді.
Азамат Орынбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Уақытылы жұмылдырылған бүкіл күш пен құралдардың арқасында өрт ушыққан жоқ. Түтіндеп жатқан жерлер бар. Қазіргі уақытта оны сумен құйып, сөндіріп жатыр. Өрт әрмен қарай таралып жатқан жоқ. Бір зардап шеккен адам бар. 1-2 дәрежелі күйік шалған қазіргі таңда аудандық ауруханада ем алып жатыр.