Алматыда жасөспірім энергетикалық сусындардың кесірінен ауруханаға түсті
Алматыда энергетикалық сусындарды мөлшерден тыс ішкен 17 жастағы жасөспірім ауруханадан бірақ шықты. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Дәрігерлердің айтуынша бозбаланың денесінде түрлі гематомалар мен мұрыннан қан кету белгілері болған. Дене қызуы көтеріліп жүре алмай қалғандықтан, ауруханаға арбамен жеткізілген. Мамандар алғашында жас жігіт «Гемофилия В» ауруына шалдығып қалды ма деп күдіктенеді. Бірақ қосымша зерттеулердің нәтижесінде және сұқбаттасудан кейін науқастың ұзақ уақыт бойы мөлшерден тыс энергетикалық сусындарды ішуінен қанның ұю факторы бұзылғаны анықталды. Бауырына әбден зақым келген. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы жақсы, ол толықтай емделіп үйіне шығарылған.
Ұлжалғас Өскенбаева, №2 қалалық балалар ауруханасы гематология бөлімінің меңгерушісі:
- Анамнезін анықтаған кезде бала энергетикалық напиткаларды ұзақ уақыт ішкен, көп мөлшерде. Сондықтан бауырдың қызметі бұзылған. Бауырда қан ұю факторлары түзіледі. Емдеген кезде витамин К бердік. Анализдеріміздің бәрі қалыпқа келді. Дер кезінде диагностикаладық. Себебі балада гемофилия емес, энергетикалық напиткалардың арқасында бауыр функциясы қызметі бұзылған.