Аягөздегі офицердің қазасы: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Аягөз гарнизонындағы офицердің қазасына қатысты Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.
Ресми ақпаратқа сәйкес марқұм 6-шы қыркүйектен бастап 2 жылдық мерзімге қызметке шақыртылған. Ол дала жұмыстарына қатысы жоқ қаржылық міндеттермен айналысыпты. 19-шы қыркүйекте жұмыстан тыс уақытта оның денесі үйінен табылған. Алдын ала ақпарат бойынша офицер өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұл тек болжам ғана. Белгілісі көз жұмған сарбаз 1998 жылғы. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сазды ауылының тумасы. Әскери бөлімге жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған.
Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Өзінің үй-жайында сондай жағдай жасаған. Жұмыстан кейінгі уақытта үйіне қайтып. Және де келгеніне көп болмағандықтан, мен өзімнің ойым бұл жерде әскери өмірдің қиыншылғын көріп те үлгерген жоқ әлі. Өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әрі қарай басқа ақпаратын бере алмаймын.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың сарбаздардың өлімі көбейгенін айтып, генералдарды ұрысқан видеосы тарады. Жақсылықов: «Командирлер қоластындағыларға қамқор болып, сарбаздарды үйінен тірі қайтаруға міндетті», - дейді. Ол Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары-полковник Талғат Сыздықовқа ескерту жасады. Ал Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұртас Қабақовты лауазымынан алу туралы өтініш беретінін айтты.