Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді
  • 55
  • 29.07.2025, 20:02

Түркия Республикасына ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды.

Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Екі елдің басшылары Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан соң мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізді.

Келіссөз аясында президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады.

Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтты.

Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға дайын екенін растады.