Бұдан бөлек, алпысқа жуық өнеркәсіп кәсіпорнына есептелген индустриялық аймақтың негізі қалануда.
Облыс орталығының аумағы 7 мың гектарға ұлғаяды. Бас жоспардағы ерекше нысанның бірі – Қопа көлінің жағасында бой көтеретін заманауи іскерлік орталық. Онда тұрғын үй кешендері, бизнес және сауда орталықтары, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер орналасады.
Межелі уақытқа дейін қала халқының саны 500 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа құрылыс алаңдары және реновация бағдарламасы аясында 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Президентке Көкшетау қаласында табысты іске асырылып жатқан бес жылдық реновация бағдарламасы жөнінде мәлімет берілді. Жобаның мақсаты – апатты үйлердің тұрғындарын заманауи, жайлы әрі қуат үнемдейтін пәтерлерге көшіру, сондай-ақ инженерлік желілерді, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді кешенді түрде жаңғырту.
Аталған бағдарламаның операторы – Kokshe әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Қазіргі уақытта 13 ескі үй бұзылып, орнына 2 тоғыз қабатты және 4 бес қабатты көппәтерлі үй салынды. Жаңа баспанаға 365 отбасы қоныстанды. 2029 жылға дейін 175 ескі үйді бұзу жоспарланып отыр. Оның орнына 3500 пәтерге есептелген 35 заманауи тұрғын үй бой көтереді. Нәтижесінде 11 мыңға жуық адам жаңа қонысқа көшеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді аралап көріп, жаңа қонысқа көшіп келген отбасылардың бірімен әңгімелесті.
Көпбалалы ана Диляра Шахманова мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін Президент пен жергілікті әкімдікке ризашылығын білдірді.