«Хабар» арнасында «Ғажайып түн» мерекелік бағдарламасы эфирге шығады

  • 7
  • 30.12.2025, 18:55

Ертең кешкі 10-нан бастап «Хабар» телеарнасының көрерменіне «Ғажайып түн» атты бағдарлама жол тартады. Музыкалық шоу хит әндер, әдемі әзілмен өрнектелген. Осы жылы болған айтулы оқиғаларды да «Ғажайып түннен» көре аласыз. 

«Хабар» арнасының көрермендеріне арналған жаңажылдық кешке дайындық қызу жүріп жатыр. «Ғажайып түн» мерекелік бағдарламасына қатысатын өнерпаздар сахнаға шығып, камера, музыка мен жарық үйлесім табуда. Үздік хиттер мен осы жылдың жағымды жаңалықтары осы кеште айтылады.

Гүлнұр Мамасарипова, продюсер:

-Бір жыл бойына біздің елімізде айтулы оқиғалар болды ғой. Әр оқиғаның өзінің кейіпкері бар, сол кейіпкерлерді шақырдық. Жалпы сондай бір отбасылық тамаша, жаңа жылды күтіп отырған, үмітпен күтіп отырған адамдарға ғажайып көңіл күй сыйлауды мақсат етіп отырмыз.  

Елімізге танымал әншілер тыңдарманның көңілінен шыққан әндерін орындайды. Әр жастағы көрерменге арналған бағдарламада халық әртісі Роза Рымбаевадан бастап жас әншілер де өнер көрсетеді. Бағдарламада әуезді әндер шырқалып, әдемі әзілдер айтылады.  

Жазира Байырбекова, әнші:

-Барша қазақ елін жаңа жыл мерекесімен шын жүрегімізбен құттықтаймыз. Жаңа жыл берекелі жыл болсын, қуанышқа толы жыл болсын! Жаңа жыл әр отбасына бақ-береке, қуаныш, молшылық, үлкен жетістіктер сыйласын! Жаңа жыл құтты болсын!

«Ғажайып түн» ағайынның басы қосылып, ақ дастарқан жайылатын жаңажылдық кештің ажарын аша түседі. Мерекелік бағдарлама түнгі сағат 10-да басталып, сағат 1-ге дейін «Хабар» арнасының көрермендеріне керемет көңіл күй сыйлайды.

Аршын Кемелжан, Эдуард Кон