Мамыр айында Қазақстанда Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өтеді. Онда ғалымдар ортағасырлық түркі мемлекеттерінің мәдени және тарихи бірегейлігін қалыптастырудағы рөлін талқылайды. Әрі бұрын-сонды жария болмаған ғылыми еңбектерін ортаға салады.
Алтын Орда – түркі әлемінің ортақ мұрасы. Ұлаңғайыр Еуразия даласын жайлаған алып мемлекет XV ғасырда күйресе де, ықпалы бүгінгі күнге дейін сезіледі. Себебі бір тарихты бастан кешкен түркі халқының мәдениеті де, әдебиеті де ұқсас.
Әсел Ташқараева, Жошы ұлысы ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері:
-Бір ғана тілдік ерекшеліктерімізде ұқсастықтар өте көп. Айырмашылықтар тек жалғауларында ғана. Және олар мәдениеттерінде де біртұтас мемлекет болып өмір сүргеннен бастап, олардың мәдениеті, әдебиеті, тілі, барлығы бірге ұштасып, бірге дами түсті. Сондықтан бізде қазір мәдениет жағынан өте көп ұқсастықтар. Баланың өмірге келуінен бастап, салт-жоралғылар, әдет ғұрыптар, олардың барлығында ұқсастықтар болып келеді.
Бүгінде Қазақстан географиялық тұрғыдан Ұлы даладағы ең мықты көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Сондықтан Алтын Орда тарихын зерттеп, зерделеуге аса мән беріледі. Дәл осы мақсатпен 2022 жылы Жошы ұлысын зерттеуге арналған ғылыми институт құрылды. Бүгінде олар дәйекті ғылыми еңбектер дайындаумен айналысады.
Жақсылық Сәбитов, Жошы ұлысы зерттеу ғылыми институтының директоры:
- Қазір біз «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықты дайындауға атсалысып жатырмыз. Сол еңбектің бір томы – Алтын Ордаға, ал екіншісі – Қазақ хандығына арналған. Зерттеу барысында біз әр кезеңдегі билеушілерді нақтылап, тарихтағы көптеген деректерді толықтырмақпыз. Қазірдің өзінде Алтын ордада 100-ден астам хан болғанын анықтадық.
Осылайша, мамырдағы симпозиумда тарих беттерінде қалмаған билеушілердің есімдері жанданып, бұрын-сонды болмаған тың деректер жарияланбақ. Бұл кездесу бүкіл түркі халқы үшін маңызды болады.
Дана Әлиева, Бауыржан Ебелеков