2050 жылға қарай Алатау баурайын бойлай 2 млндай тұрғыны, экономикасының көлемі 50 млрд долларға тең, дербес басқару жүйесі, бюджеті мен озық стандарттарға құрылған толықтай айрықша экожүйесі қалыптасқан, Дубай, Доха және Сингапур сияқты әлемдік деңгейдегі озық қала жайнап тұратын болады. Егер де соған сай әрекет болса. Оның алғашқы қадамы бүгін жасалды. Парламент палаталарының бірлеске отырысында депутаттық корпус Алатау қаласынаың мәртебесі туралы конституциялық заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Президенттің былтыр күздегі жолдауын іске асыру аясында әзірленген үшбу құжатты депутаттардың қарауына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әкеліп таныстырды. Әлгі, бұған дейін айтылып жүрген ұшатын таксилер пайда болады делінген Алатау ситиді салуға қажет арнаулы заң бұл. «Амбициясын айға білеген қалалардан қай жеріміз кем, тәжірибесі тақиямызға тар келмейді»,- дейді Қанат Алдабергенұлы.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-Заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылды. Сарапшылар әлемдік тәжірибені зерттеді. Атап айтқанда Қытайдан Шэнчжен, Хайнань мен Оңтүстік Корея СиДжон мен Сон до, сондай-ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірбиесі қарастырылды.
Болашақтың қаласы мен инновациялық хабқа айналдыру оңай шаруа емес. Заң жобасы дербес экожүйе мен озық стандарттарды енгізуді, біліктілігі бес елі мамандар тартумен өз еліміздегі озық ойлы жастардың идеяларын іске асыратын тамаша орта қалыптастыра отырып экономикалық өсімді қамтамасыз ету, милиондап туристер ағылатын теңдессіз қала құруға бағытталып отыр бес сөзге сыйғызсақ.
Қағазда жақсы, іс жүзінде қалай болмақ? Мәселен, жер. Ол жалға беріле ме? Шетелдік инвестор келіп қонақ үй немесе басқа нысан салса, жер телімінің жайы қалай болмақ? Депутаттар Үкімет басшысының орынбасарына сұрақтарды қарша боратты.
-Жер учаскелері жалға немесе басқа түрінде берілетін болады. Егер бизнес лицензия арқылы, оның ішінде жаңа айттым міндеттемелер болады. Белгіленген уақыты болады. Егер екі жылдың ішінде ол қамтамасыз етпесе, завод фабрика салмаса, онда оған айыппұл салынады. Егер тағы бір-екі жылдан кейін ары қарай даму болмаса, онда жер қайтарылатын болады.
Озық қала салған соң құрылыс материалдары да озық болуы керек шығар? Демек ертең оның барлығы сырттан әкелініп жатса, баспананың бағасынан бас айналып жүрмей ме? Себебі онда өзіміздің азаматтар тұрмай ма негізінен. Шетелдік құрылысшылар шегірткедей қаптап, отандық мердігерлер сырттан бақылап бармақ тістесе қайтпексіздер? Бозымбаев мырза былқ етпеді. Бастапқы бір екі жылда импорт келеді, бірақ одан соң отандық жеткізушілерді молынан қатыстырамыз, біздің бизнесмендерді халықаралық стандарттарға жеткізуге күш саламыз деп қайырды. Қысқасы біздікілер қытайша салып үйренуі керек дегенге саяды. Ал инвесторларға келсек:
Бақытжан Базарбек ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Инвесторлардың өзі қазір ұмтылып жатыр. Алатауға келіп ақшамызды құямыз деп тұр инвесторлар. Тек бізге арнайы құқықтық мәртебемізді беріңіз деп тұр. арнайы заңнамамызды қабылдаңыз деп тұр. Күтеміз.
Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1.8 трлн теңгенің 44 инвестициялық жобасы бекітілген. Олар іске асқанда 30 мың жұмыс орны ашылады.
Марат Бәшімов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өте маңызды заң, өйткені конституциялық заңға кіріп тұр ғой. Оны қазір қабылдамасақ жұмыс жүрмейді.
Жұмыс жүрген соң Алатауды кім басқарады, бюджеті қалай болады, қалай күн көреді деген сұрақ туындайды.
Нұртай Сәбилянов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Алатау қаласында 2 бюджет болады. Біреуі жергілікті бюджет. Яғни қаланың бюджеті болатын болса екінші бұл мемлекеттік қор. Қаланың әкімшілігі қаланың тұрмыс тіршілігімен соларға жағдай жасаумен айналысатын болса, ал жалпы мемлекеттік қор басты мақсаты - бұл қаланы қарқынды дамыту, инвестицияларды тарту, жаңа технологияларды енгізу, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайды жасау.
Үкімет өкілі атап өткендей, Алатауды дамытудың дербес экожүйесі болады. Яғни дербес басқару моделі, құқықтық режим мен қаржылық архитектура. Аса маңызды бағыттың бірі цифрлық активтер. Криптовалютамен жүмыс істейтіндер үшін инвестициялық процесстерді жетілдіру мақсатында криптоқалашық құру қолға алынбақ.
-Шетелдік инвестицияны тарту арқасында қаланың экономиксы жалпы 50 млрд доллардан астам болуы керек.
Сонымен арнаулы заңның жобасы бірінші оқылымда басым дауыспен мақұлданды. Тіпті сенаторлар мен мәжілісмендер орталарынан депутаттарын шығарып арнайы комиссия құрып та жіберді. Олар 24/7 жағдайында жұмыс істейміз дейді. Себебі келесі аптада екінші оқылым, оған дейін ұсыныстарды енгізіп үлгерулері тиіс. Шамасы біздің Үкімет те, Парламент те 2050 жылға қарай Дубай, Доха, Сингапур секілді әлемнің ең озық инновациялық қалаларының қатарына қазақтың Алатау шаһарын қосатын заң үшін, ішпей жемей, ұйқы көрмей жұмыс істеуге дайын сияқты.
Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев