Елімізде ғылым мен инновация жаңа кезеңге қадам баспақ. Зертханалар саны артып, халықаралық әріптестік кеңейіп, өндірісте озық технологиялар енгізілуде және оны қаржыландыру көбейтілмек. Бүгін Үкімет елдің ғылыми әлеуетін арттыру мен инновациялық экономиканы дамыту мәселелеріне отырыс арнап, жан-жақты талқылады.
Америка Құрама Штаттары ғылыми-зерттеу тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға жылына 780 млрд доллар қаражат жұмсайды. Қытай бұл шығынды 500 млрд-қа жеткізіп отыр. Еуропаның да бөлетін қаражаты көп. 400 млрд-тың үстінде. Яғни бұл мемлекеттер осының арқасында экономикалық тұрғыда қуатты, технологиялық тұрғыдан тәуелсіз. Ал біз ше? Бүгін Үкімет осы мәселеге бас ауыртып жатыр.
Алғашқы болып Ғылым және жоғары білім министрі сөйледі, сөйлегенде бүй деді. Елде ғылыми әлеует жақсы, бірақ оны коммерцияландыруға келгенде жағдай өкінішке қарай. Қысқасы ғылыми зерттеулерді қолдау үшін былтыр Технологияларды қолдау туралы заң аясында технологиялардың дайындығы деңгейін айқындайтын 9 сатыдан тұратын халықаралық әдістемелер енгізілді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- ТРЛ 1-3 кезеңінде яғни іргелі зерттеулер мемлекет тарапынан қолдау табады. ТРЛ 7 мен 9 өндіріске енгізу кезеңдерінде бизнес жұмыс істейді, үлкен кәсіпорындар қосылады. Алайда ортада ТРЛ 4-6 кезеңінде жобалар көп жағдайда қолдау таппай, көп жағдайда коммерцияландыруға жетпейді. Осы мәселені шешу үшін тәжірбиелік конструкторлық жұмыстарға грант беру жаңа құралы ұсынылады.
Әйтпесе база да жоқ емес. Елімізде қазір 303 ғылыми зертхана, 62 коммерцияландыру орталығы жұмыс істеп тұр. Ілгеріде айтылған ғылыми тәжірбиелік конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруды көбейту үшін алғаш рет эндаумент-қор құрылып, 2 млрд теңге тартылды, келешекте ол 10 млрд теңгеге жетуі тиіс. Ал оған Astana Hub пен Alem AI ортақ іс қимыл стартаптар, технологиялық командалардың жұмысын біріктіретін инфрақұрылымдық база болуға тиіс. Оның сыртында ғылым енді жеке дара дамымайды. Бизнеспен тізе қосады.
- Қазіргі таңда 500-ден астам ғалым қатысты осы сессияларға. 200-ден астам нақты технологиялық міндет қалыптастырылды. Екі жылдай енді ғылыми жобаларға 30% дейін ірі жобаларға өндірістік компаниялар өз қаржыландыруын қамтамасыз етеді.
Инновацияны IT шешімдерсіз елестету қиын. Бұл бағыт қазір өзі бір сала ретінде дамып келеді. Былтыр мәселен Астана Хабтағы стартапшылар 328 млрд теңгенің цифрлық қызметтерін экспорттаған. Қазіргі маңызды қадам EXPO аумағында Exponential Cluster жаңа технологиялық алаңы қалыптастырылуда. Бұл жерде робототехника, дрондар, киберқауіпсіздік, медицина технологиялары бағытында орталықтар ашылып жатыр. Ол толықтай іске асқанда жыл сайын 500-дей жаңа стартапты іске қосуға мүмкіндік ашылмақ.
Өнеркәсіп саласында да инновация қарқынды енгізілуде. Сала министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығындары 1,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл соңғы 5 жылда 4,5 есеге көп.
Ерсайын Нағаспаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- 500 кәсіпорынның технологиялық деңгейіне бағалау жүргізіліп оның нәтижесі бойынша 23 ұсыныс әзірленді. ЖИ енгізу Жол картасы аясында өндірісте ЖИ қолданатын 11 пилоттық жоба іске асырылды.
Ұлттық компаниялар да бұл үрдістен шет қалмаған. ҚазМұнайГаз геологиялық барлау мен өндірісте жасанды интеллект технологияларын енгізе бастады. Сол арқылы жұмысты жеңілдетіп, алдағы 14 жылда қосымша 75 млн тонна өндіре алады екенбіз. Компания цифрлық шешімдер мен ЖИ технологиясын енгізу мақсатында ғылыми жобаларды қолдауға 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Сонымен қатар көлік саласы да инновацилық қадамдарға сұранып тұр. Теміржолда спутниктік байланыс пен цифрлық басқару жүйелері сынақтан өтіп жатыр.
Марат Шәкенов, «Қазақстан Темір жолы ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Сынақтар қорытындысы бойынша бос жүрістің 10 пайызға төмендетіп, вагондар айналымын 15 пайызға арттыру және келу мерзімі 3 күннен 6 сағатқа дейін қысқару көрсетілді.
Баяндамалар жақсы-ақ. Нақты нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді. Айтпақшы ол аз.
Олжас Бектенов ҚР Премьер-министрі:
-Ғылым және Жасанды интеллект министрліктері салалық министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 шілдеге дейін инновациялық жобаларды тіркеп, қолдау көрсетуге және мониторинг жүргізуге арналған «бірыңғай терезе» жұмысын қамтамасыз ететін цифрлық платформаны іске қоссын.
Мұның сыртында апта соңына дейін Үкіметтің жанынан инновациялық штаб құрылып, 1 маусымаға дейін оны дамыту тұжырымдамасы әзірленуге тиіс. Уақыт аз. Бірақ әлемнің инновациялық көші мен жаһандық бәсекеден қалып қоймау үшін қазірден қамданыс керек.
Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков