Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елдің саяси-экономикалық әлеуметтік және қоғамдық өмірінде елеулі өзгерістер күтіп тұр. Тиісінше бірқатар заңдардың кей баптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Мемлекет басшысы бұған дейін жаңадан 5 конституциялық заң қабылдап, қолданыстағы 8-ін жаңалау міндетін қойды. Қазір биылғы сессияның аяқталуына екі айға жетер-жетпес уақыт бар. Бірнеше маңызды құжат Мәжілістің қарауына келген. Не өзгереді?
Өзгерістер. Иә, бұл ұғымның әзірге елдің тұрмысына тікелей қатысы болмағанымен, Парламент депутаттарының еңбек тәртібіне енгені анық. Таңның атысы, күннің батысы жұмыс істейтін болған. Қарбалас, қызу пікірталастар мен айтыс-тартыстарға дейін барысатын кезең келді. Қысқасы, Парламентті заң шығаратын қазанға телісек, қазір ол бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Уақыт аз, өзгертетін заң бастан асады.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Уақыт өте тығыз. 60-тан астам заңды қабылдап, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, оны Сенаттың қарауына жіберіп үлгеруіміз керек. Екі айға жетер-жетпес уақыт қалды.
Өзгерістердің өзегі қай құжаттардан көрініс таппақ? «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңға, «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» жаңа конституциялық заңға, Астананың мәртебесі туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» және әлбетте Құрылтай туралы заң бар. Бүгінгі күнде Парламент қарауына кіруі тиіс 5 құжаттың 4-і кірген.
- Қазір осы бірнеше заңдарды, мысалы, Астананың мәртебесі туралы заң, аймақтық құрылымдар туралы заңдар бұрын жай заңдар болатын. Ал бұлардың бәрін біз қазір конституциялық заңдар деңгейіне көтердік. Солардың ішіндегі ең жаңағы айтатыным — ол құрылтай туралы заң. Біріншіден, оның құрамы анықталды қазір: 145 адамнан тұратын болды. Үш спикер болатын болды, комитеттердің саны 8 болатын болды.
Бұл өзгерістен соң Мәжілісмендер Сенаторлардың батасын күтіп, телміріп отырмайды, бір палаталы парламент 3 оқылымнан соң құжатты қабылдайтын болады. Заман ағымы жылдам, заң да уақыт талабынан қалып қоя алмайды. Өзгерістердің тағы бір қыры, енді партиялардың рөлі күшейеді. Елдің дамуына үлес қосқысы келетін тұлғалар саяси ұйымдар арқылы амбицияларын іске асыра алады. Шынайы саяси бәсекелестікке жол ашылады.
- Мысалы қараңыздар, Түркияда сайлауға неше түрлі партиялар қатысады. Қатты текетірестер пайда болады бұл жерде. Үйткені ол жақта лирдің бағасы қатты құнсызданып кетті, төмен түсіп кетті, экономика әлсізденіп кетті деп өзге партия өзінің программасымен келіп жатыр. Міне, бізде осы сияқты бәсекелестіктер көбеюі керек. Сол кезде бізде экономикалық өсім болады.
Экономикалық өсім демекші, жаңа өзгерістер салықтық, банктік реформалармен айшықталып алғышарт туғызса, әлеуметтік бағыттарда да басымдық сақталады. Мысалы, міндетті әлеуметтік сақтандырудың рөлі күшейеді, тегін медициналық көмекке халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялар да ат салысады. Азаматтардың дербес деректерін қорғау күшейтіледі, ал айыппұлын өтемегендерге рақымшылық жасау туралы Әділет пен Ішкі істер министрліктерінің бастамаларын депутаттар заңмен рәсімдеуге қуана-қуана келісіп отыр. Оның сыртында.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Азаматтардың әл-ауқатына әсерін тигізетін осы жаңадан қабылданып жатқан конституцияның өзіндік бағыттары бар. Тікелей ақша емес, бірақ та тегін, қолжетімді қызметтердің сапасын артуға әкеледі. Екіншісі, бұл жергілікті басқаруды күшейту. Егер де мынау өңірлерде өкілеттіліктер берілетін болса, яғни әкімдердің жауапкершілігін арттыруға байланысты жергілікті бюджеттердің тиімділігін арттыруға пайдалануға мүмкіндік берілетін болса, оның нәтижесінде жол инфрақұрылымы, коммуналдық қызметтер жақсарады. Ол халықтың күнделікті өмір сүру сапасының көтерілуіне әсерін тигізеді.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Қазіргі билік пен мемлекет арасындағы байланыс, соны басқару жүйесі белгілі бір алгоритмге түсті. Алгоритмге түсу деген сөз – өте маңызды нәрсе. Ойлап қарасаңыз, Қытай мемлекетінің неге 5000 жыл тарихы бар? Неге мысалы Осман империясының 800 жыл тарихы бар? Өйткені шындығына келсеңіз, оны басқаратын әскер емес. Заң. Мысалы, сұлтан Сүлейменді «канони», - дейді. «Канони» деген заң деген сөз. Мінеки, осындай заң келді. Бұл конституция қазаққа берекелі болады.
Өзгерістердің бастауы – саяси жүйені реформалау арқылы әділдікке, плюрализммен бәсекелестікке жол ашу болса, оның ізін жалғай білім ғылым және инновацияны бағдар ете отырып, қоғамның барлық саласын дерлік қамтиды. Ал бұл Ата Заңның 84 пайызға дейін өзгеруіне алып келмек. Берекелі болатынын әзірге тап басып айта алмаймыз, бірақ берекелі болсын деп тілейтініміз анық.
Берік Дүйсенбай, Самат Оспанов