Теміржол мен оған қажетті инфрақұрылым экономиканың салмағын қаншалықты көтере алуда? Үкімет отырысы осы мәселеге арналды. Салада ілгерілеушілік бар. Енді екі аптада елімізде 30 теміржол вокзалы жаңартылып, халық игілігіне берілмек. Вагондар паркін жаңалау жұмыстары да қарқын алып келеді. Халық үшін ең қуанышты жаңалық – күзге дейін жолаушылар вагондары интернетпен толық қамтылмақ.
Теміржол 21-ғасырда да экономиканың күре тамыры болып қала береді. Енді ше, қазір тасымал-логистика басым бағыт болса, елдегі исі жүк тасымалының 57%-ы шойын жолдарға тиесілі. Экономиканы әртараптандыру, оның көлемін ұлғайту сынды заман талабы инфрақұрылымды жаңғыртуды қажет етеді.
«Жұмыс істеп жатырмыз», - деп баяндады Көлік министрі. Елде 147 мың вагон болса, оның барлығы дерлік бәсекелестіктің рельсіне қойылған. Бұның өзі жаман емес. Сауранбаев мырза атап өткендей, теміржол саласын дамытудың - локомотив пен вагон паркі және магитралдық желілер сынды негізгі үш бағыты бар. Ең әуелгісі – вагонды немен сүйрейтінін шешіп алу.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
- Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде локомотивтердің тозу деңгейі 74 пайыздан 49 пайызға дейін төмендеді. Әлемдегі жетекші өндіруші «Вебтек» мәліметі бойынша ҚТЖ-ның локомотивтері 93 мемлекеттің арасында ең тиімді деп есептеледі.
Одан бөлек, соңғы жылдары 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылған. 2030 жылға қарай жолаушылар паркін 90%-ға дейін жаңарту жоспары бар. Жолаушылар демекші 1-шілдеде жаңартудан өткен 30 теміржол вокзалының есігі оларға айқара ашылады. Жалпы 124 нысан жөнделуі тиіс.
Енді жүк тасымалына келсек. Елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру тапсырмасы тұр. Қазір өткізу қабілетін арттыру мақсатында 750 шақырым жол салынып, 3 мың шақырымы жөндеуден өткен. «Шығыс - Батыс» және «Солтүстік - Оңтүстік» транзиттік бағыттардағы инфрақұрылым бекеттерін салумен қатар ірі кәсіпорындармен кен орындарына апаратын желілерді салу жоспары және бар. Сайып келгенде кешенді жұмыстардың нәтижесінде 2040 жылға қарай жүк тасымалын 100 млн тоннаға жеткізілмек. Ал оны басқарудың тиімділігін арттыру үшін:
- Барлық негізгі объектілері бойынша бірыңғай «деректер көлі» (Data Lake) қалыптасады. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды қолдану арқылы басқарудың тиімділігін арттырады. Нәтижесінде шығындар азаяды және қауіпсіздік деңгейі артады.
Жолаушылар үшін тағы бір ақжолтай ақпарат. Жаздың соңына дейін ұлттық тасымалдаушыларға тиесілі жолаушылар пойыздары спутниктік интернетпен қамтылады. Бұған дейін «Астана – Алматы» және «Астана – Өскемен» бағыттарында Eutelsat OneWeb және Starlink жүйелерімен екі пилоттық жоба іске асқан еді. Қазір «Нұрлы жол – Семей» пойызында интернет іске қосылса, «Алматы – Павлодар», «Павлодар – Түркістан» және «Нұрлы жол — Атырау» бағыттары әне-міне қосылуға дайын.
Премьер-министрдің сөзінен аңдағанымыз, бұл теміржол саласындағы ілкімді істердің басы ғана.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Біз қолда бар жобалармен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Ел экономикасының одан әрі өсуін қамтамасыз етіп, Еуразия кеңістігінде көлік-логистикалық хабқа айналу үшін теміржол инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңіне дайындалуымыз керек. Ұсынылып отырған саланы дамытудың үшжылдық жоспарын жалпы қолдаймыз. Жүк айналымы мен транзиттік тасымалдардың болжамды өсуін және экономиканың ұзақ мерзімді қажеттіліктерін негізге ала отырып, уақыттың талабына сай белсенді шешімдер қабылдау өте маңызды.
Жалпы алғанда, сала дамып келеді. Бірақ бөрікті аспанға атуға ерте. Алда үлкен жұмыстар, тиісінше үлкен міндеттер тұр. Үкіметбасы жыл соңына дейін жаңа 215 локомотив пен 1,5 мыңға жуық жүк және жолаушылар вагондарын өндірісте шығаруды, 1 қыркүйекке дейін 13 мың жүк және 500 жолаушылар вагонын сатып алуды тапсырды.
Ол үшін енді 5 жылдық бағдарлама бекиді. Сондай-ақ транзитті дамыту үшін Астана, Алят, Свислочь, Селятино, Будапешт, Чэнду және Констанцадағы жобаларды қоса алғанда, халықаралық терминал желілерін дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Берік Дүйсенбай, Әлібек Әлиев