Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болмақ. Елдің Вице-Президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Сот судьяларын тағайындауға құрылтай өкілдері келісім береді. Ал Халық кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
Алдағы уақытта бір палаталы Парламент жасақталып, ол Құрылтай болып өзгереді. Соған сәйкес, заңдарды қарау, қабылдау ісі анағұрлым тез жүрмек. Яғни кейде Мәжіліс пен Сенат арасында айларға созылатын талқылауларға тосқауыл қойылады. Құзыреті де кең. Вице-Президент, Премьер-министрді тағайындау, Соттар мен өзге де органдар мүшелерін бекітуге келісім береді.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әрине, әр кезде мәселе көтеріміз. Бірақ Парламент, мысалы Мәжіліс халықпен тікелей сайлансақ та әрқайсымыз бірақ осы Жоғарғы Сотқа, Конституциялық Сотқа, Орталық сайлау комиссиясына тікелей әсеріміз болмайтын. Ал енді негізінен қазір Құрылтай тікелей өзі Жоғарғы Соттарды сайлауға, Президенттің ұсынысымен сайлауға құқығы бар.
Құрылтай қарайтын заң жобаларының арасында Халық кеңесінен келетін ұсыныстар болады. Оның да құрылымы, қызметі айқындалды. Сарапшылардың айтуынша, бұл ретте халықаралық тәжірибе де ескерілді. Әрі қоғамның пікірі елеусіз қалмайды.
Ермек Әбдірәсілов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры:
-Халық кеңесін айтатын болсақ, мысалы, Францияның өзінде сол кеңес бар экономикалық, экологиялық, әлеуметтік жағдайлар бойынша. Ол да консультативті орган болып саналады. Ол өзінің пікірін азаматтық қоғамнан беріп отырады. Сол үшін біздің істеп жатқан көп іс-шаралар халықаралық жүйенің тәжірибесіне сәйкес келеді.
Мұндай өзгерістер саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған. Ал оны іске асыру ел дамуына серпін бермек.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов