Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Түркі ғасыры: ортақ пікір, ортақ іс

  • 5
  • 30.10.2026, 18:00

Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары жалғасып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XIII-саммитіне қатысты. Онда сан сала қамтылады. Сауда-саттық, көлік дәлізі мен энергетика және цифрландыру бағыттары да талқыланбақ.

Түркі мемлекеттері ұйымының  бес жылдық  стратегиясын жедел қабылдап, түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет.  Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII-саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  осындай ұсыныс айтты. Ұйымның экономикалық тиімділігі мен беделін арттыруға, әлеуетін дұрыс пайдалану төңірегінде тағы қандай ұсыныстар айтылды.

Сағыныш Әбікей, тілші:

-Түркі мемлекеттері ұйымының өзге халықаралық институттардан ерекшелігі бар. Бұл ұйымның іргетасы тарихи жақындық пен ортақ мұрадан тұрады. Алайда ортақ мұраның болуы ортақ болашаққа кепілдік бермейді. Сол үшін де түркі мемлекеттері басшылары жыл сайын жиналады.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын түркілер түгел Бакуде бас қосып,  Бірінші Түркология құрылтайын өткізген. Оған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы  бастаған бір топ зиялылар қатысқан деседі. Арадағы жүз жылда бауырлас ұлттар жатқа айналмады, ауызбіршілікті сақтай алды. Алыс беріс те, барыс келіс те артпаса, кеміген жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Біздің еліміздің Ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Осы қарқынды сақтап қалу үшін әлі де бірқатар шараларды іске асыруымыз керек. Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі-2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет. 

Түркі әлемі біріксе, әлемдегі ең ірі экономикалардың қатарына қосыла ала ма?  «Әлбетте»,-дейді сарапшылар. Жалпы ішкі өнімі 2,4 триллион доллардан асатын түркі мемлекеттері жаһанның 11-ші ірі экономикасы атана алады. Батыс пен Шығыстың ортасында орналасқан түбі бір түркілер транзиттік тасымалдан табыс таба алады. Ол үшін  көлік-логистика саласындағы әріптестікті  тереңдету керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 -Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 миллион тоннаға жетті. Осы орайда, біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсу үшін елімізде басымдық ретінде арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын болдық.

Ұйымның бір міндеті түркі әлемінің айналасына қабырға тұрғызу емес, керісінше әлемге ашық ету. Бұл ретте  «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын дамыта түсу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі  халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды.

Экономикалық ықпалдастықтан, рухани байланыстарға. Бұл ретте де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстан Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құрып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн деп санаймыз. Сонымен қатар елімізде «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық ауқымды еңбек әзірленіп жатыр. Осы жұмысқа белсене қатысқан түркі елдерінің ғалымдарына шынайы алғыс білдіреміз. Академиялық еңбек тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан кең ауқымда, шынайы және әділ көзқараспен қарауға көмектеседі. 

Түркі мемлекеттері ұйымы 13-ші саммитінің қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды. Әзербайжанның ұйымға төрағалығы қорытындыланып, келесі төрағалық міндеті Түркияға өтті. Қазақстанның ұстанымы айқын: түркі ынтымақтастығы өзара құрметке, ортақ мүддеге және нақты нәтижеге негізделуі керек.

Авторлары: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков