Мемлекет басшысы Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысады
Оның жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жаһандық жиын елорда уақытымен кешкі 19:00-ге белгіленген. Оған дейін Президент бірнеше мемлекеттің басшыларымен, халықаралық ұйымдар мен Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланған. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев «BayWa AG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен кездеспек. Аталған компания ауыл шаруашылығы, құрылыс және энергетика саласының алыбы саналады. Ірі холдинг енді Орталық Азиямен байланыс орнатуға дайын. Олардың таңдауы – Қазақстан нарығы. Мысалы, компания Назарбаев университеті базасында агроинновациялық зертхана салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы – жаһандық ең ірі бейресми форумдардың бірі. Конференцияда қазіргі заманның маңызды мәселелері талқыланады. Жиынға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар қатысады деп күтілуде.