Хабар телеарнасы

Бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу заңмен реттеледі

Бұл туралы Алматыда өткен «Бейбіт мақсатта шерулер, ереуілдер мен митингтер ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын талқылауға арналған жиында айтылды. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысып, журналистердің, қоғам белсенділері мен мемлекеттік орган өкілдерінің заң жобасына қатысты пікірлерін тыңдады.

Бейбіт мақсаттағы жиындар ұйымдастыру және өткізу туралы заң жобасы бұған дейін бірнеше рет талқыланса да, ұсыныс көп. «Митинг өткізетін арнайы орындарды белгілеу дұрыс-ақ, алайда белгілі бір мәселеге қатысты өз талабын жеткізгісі келген аз ғана топтың мәселе шыққан жерде бой көрсетуі заңмен бекітілу керек», – дейді белсенділер.

«Бұл ұсыныс ескеріледі», – деді министр. Сондай-ақ талқылау барысында заң жобасындағы журналистердің кәсіби құқы да сөз болды.

Сергей Пономарев, ардагер журналист:

- Мен бейнекамераға түсірдім. Бұл менің нан тауып отырған жұмысым. Маған прокурор немесе ІІД басшысы келіп: «Бейнежазбаны маған беріңіз, бұл бізге керек», – дейді. Менің ойымша, бұл – мүлде керек емес бөлім. Бізге жұмыс істеуге, ақпаратты қоғамға жеткізуге кедергі келтіреді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Бұл жерде қандай да бір қылмыстық іске дәлел мәлімет ретінде қажет болуы мүмкін. Ондай кезде бірден сұрамайды. Біз түсінеміз, бұл сіздің жұмысыңыз, тұжырымдамасын қайта жасаймыз.

Жиында азаматтық қоғам белсенділері онлайн-митинг өткізуді ұсынды. «Қоғамдық пікір алаңына айналған әлеуметтік желіні бейбіт жиын үшін пайдалануды да заң жобасында ескерген дұрыс», – дейді заңгерлер. Сондай-ақ жаңа заң қолданыстағы басқа да заңдармен бір бағытта болуы керек.

Дәулет Байділдинов, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Заң жобасында еркіндік бар. Ең бастысы, азаматтық қоғамның пікірі ескерілетіні айтылды. Әрине, заманауи ерекшеліктер ескерілмеген. Бірақ ұсыныстар әлі де айтылып жатыр, заң жобасы әлі де жетілдіріледі.

Рахман Алшанов, Алматы қаласының қоғамдық кеңес төрағасы:

- Негізгі мақсат шынымен де халық пікірін айту болса, халық шығуы керек, соған мүмкіндік болу керек. Өкінішке қарай, біздің халық оны заңды түрде жүргізуге дайын емес. Тәжірибесі жоқ. Айқай-шу, арасына кіріп кетіп іріткі салу дегендер де болып жатады. Олар енді түсінікті.

Нұрлан Жазылбеков , Алматы қаласының қоғамдық кеңес мүшесі:

- Бұл заң – бүгінге ең қажетті заңның бірі. «Қатысамын» деген адамның бәрі қатысып, талқылап отыр. Осы заңның қоғамға үлкен бір көмек болады деп ойлаймын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық кеңесте митинг өткізу мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. «Митинг құқық қана емес, сонымен қатар жауапкершілік екенін түсіну керек. Осындай міндеттер мен құқықтарды қамтыған жан-жақты заң қабылдау бәріміз үшін маңызды», – деді министр.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Бұл заң жобасы жетілдіріліп, қабылданған күннің өзінде өзгерістерге ұшырайтыны белгілі. Себебі қолданысқа енген соң белсенділер де, мемлекеттік орган өкілдері де өз пікірлерін айтатын болады.

Қолданыстағы митинг өткізу туралы заң 1995 жылы қабылданған. «Бұл құжат қазіргі заман талабына жауап бермейді», – дейді белсенділер. Ал жаңа заңның нақты қашан қабылданатыны белгісіз.

 

Бейбіт шеру өткізу туралы мұндай заң өзге елдерде қалай жұмыс істейді?

Мысалы Франция заңына сәйкес халық шеруге шығардан кемі 3 күн бұрын жергілікті билікке ұйымдастырушылардың аты-жөні, мекенжайы, көшеге шығатын уақыты туралы ақпарат ұсынуы тиіс. Ереуілшілер көше бойымен қозғалатын болса, олардың бағыты туралы да көрсетіледі. Егер құқық қорғау органдарынан жиынды тоқтату туралы бұйрық түссе, бұлжытпай орындау керек. Оны екі рет ескерусіз қалдырса, Қылмыстық кодекспен жазаланады.

Ал Германияда шерудің өтетіні туралы жергілікті полицияға 48 сағат ішінде айтылуы керек. Бір қызығы, бұл елде жиын өтіп жатқан жердегі тәртіпті сақтауға, демонстрацияны уақытылы тоқтатуға ұйымдастырушының өзі жауап береді. Көптің ішінен жазбай тану үшін оларға ақ таңғыш тағып алу міндеттеледі.

Ұлыбританияда шеру өткізу 6 күн бұрын ескертіледі. Бірақ полиция бұл жиын қоғамдық толқуларға алып келеді деп күдіктенсе, аудандық кеңеске шағымданады және мемлекеттік хатшының келісімімен барлық қоғамдық шараға 3 айға дейін тыйым салу туралы бұйрық шығара алады.

Көрші Ресейде бұқаралық іс-шаралар кемі 10 күн бұрын жергілікті органдарға ескертіледі. Онда шерудің формасы, қашан басталып, қашан аяқталатыны және шамаман қанша адам қатысатыны көрсетіледі. Сондай-ақ Ресейде қоғамдық жиналыстар өткізу үшін арнайы орындар белгіленген.

Ал АҚШ-тың әр штатында өзіне тән ережелері бар. Мәселен, Вашингтонда Ақ үй аумағына барып арызыңыды айтсаңыз да, өз еркіңіз. Тек заңнан аттамасаңыз болғаны. Өйткені мұнда бұқаралық жиындарды тек Ақ үйдің алдында, Лафайет саябағы мен Эллипс аумағында ғана өткізуге болады. Бұл қатаң түрде заңмен белгіленген.

Алайда Нью-Йоркте митинг немесе марш өткізуге арналған рұқсатты қалалық полиция басқармасы береді. 60 күн бұрын жиынның анық-қанығы жазылған өтініштің 3 данасы қабылданады. Бұдан бөлек Өрт сөндіру, Санитарлық қызмет, Денсаулық сақтау басқармалары, Ғимарат департаменттері, Көлік қызметі, Салық және қаржы департаменттерімен де өзара келісім болуы керек. Болмаған жағдайда жергілікті билік шеруді тыйып тастауға құқылы.

Ал енді бейбіт шерулерді біздің ел қалай реттейді?

Бұған дейін бұқаралық жиындарды реттеу регламенті мәслихаттардың құзырында болатын. Сол себепті, әр аймақ әртүрлі талап ережеге бағынып келді. Бұдан былай жаңа заң бейбіт жиын өткізудің барлық аймаққа бірыңғай ережесін міндеттейді. Сосын «бейбіт жиналыс», «митинг», «пикет», «демонстрация», «шеру» сияқты ұғымдардың аражігін ажыратып береді.

Сондай-ақ құжатта жиынды ұйымдастырушылардың, оған қатысушылардың және оқиға орнында жұмыс істейтін журналистердің құқықтары мен міндеттері тайға таңба басқандай көрсетілген. Бейбіт жиынды өткізу тәртібі де қамтылған. Мәселен, қатысушылар саны 250 адамнан аспаса, Ішкі істер органдарынан рұқсат алмай-ақ, хабарлама арқылы пикет өткізуге болатыны жазылған. Құжатта бұқаралық жиын өткізуге болмайтын жағдайлар да айқындалған. Мысалы бейбіт жиналыстар үшін балама орын ұсыну құқығы қарастырылған.