Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары жұртшылықпен кездесті
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Ол зиялы қауым, кәсіпкерлер және жастармен кездесті. Сондай-ақ Жуалы, Қордай аудандарында болып, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, аймақтағы бірқатар мәселені талқылады.
Бас партия Төрағасының бірінші орынбасары жұмысын Бауыржан Момышұлы ауылынан бастады. Ауылдың іскер әйелдерімен кездесіп, микробизнесті дамыту мәселелерін талқылады. Кәсіпкерлер істеп тұрған кәсіпті одан әрі жетілдіріп, ұлғайтуға жеңілдетілген несие және қайтарымсыз гранттарды көбейтуді сұрады.
Айнакүл Ахмадбекова, кәсіпкер:
- Маған 1,2 гектар жер берілді. Сол жерге жол салып берсе екен деймін. Өзімнің кәсібімді дамыту мақсатында қайтарымсыз грант болса жақсы болар еді, соны қарастырсаңыздар екен деймін.
Асима Шүкеева, кәсіпкер:
- Мен көпбалалы анамын. 2013 жылдан бері жеке кәсіпкермін. Мемлекет қолдауын сезініп, бүгінде аяққа нық тұрғаннан кейін қоғамға пайдам тисін деген мақсатпен өзім сияқты көпбалалы аналардың балаларына биылғы оқу жылында тегін білім берудемін.
Жуалы ауданында алдағы 5 жылда шағын және орта кәсіпкерлік инфрақұрылымды дамытуға күш салынбақ. Әсіресе ауыз су мәселесі өзекті. Бұл проблеманы жүйелі шешу үшін 17 ауылға жобалау жұмыстары жүргізілген. Биыл 1,2 млрд теңгеге 5 шағын және орта кәсіпкерлікті елді мекенге ауыз су жүйесін тарту көзделіп отыр.
Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Билеуші партия ретінде біз іріктеуді жоспарлап отырмыз. Іріктеуге әрбір мәслихат ең кемінде 30% әйел азаматтар болуы керек деп жатыр. Сондықтан Nur Otan партиясының негізгі мақсаты – проблемаларды ашып, көтеріп, талқылап, бюджеттің мүмкіндігіне қарап, нақты істермен халыққа дәлелдеу.
Бұдан кейін Таразда партияның аймақтық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.
Бауыржан Байбектің жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасты. Ол оқыс оқиға болған ауылдарға барып, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және фракция депутаттарымен кездесті. Қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешілуі Nur Otan партиясының назарында болатындығын айтты.
Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
- Барлық қиын жағдайдан сабақ алып, соны ашық партия алаңында талқылауымыз керек. Қазақстанның азаматы атанған, қолында паспорты бар кез келген адамды сыйлау керек! Ең бастысы заңның үстемдігі. Кез келген адамның ұлтына, тіліне, әлеуметтік жағдайына, дініне қарамастан бәрі заң алдында тең болуы керек.
Бұдан кейін ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесті. Ақсақалдардың пікірін тыңдады.
Тұрған Жасыбаев, Қарасу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бүгінде біздің мемлекетіміз күн сайын емес, сәт сайын өркендеп, өсіп келеді. Сондай қиын уақытта осындай астананы кім соғады? Сол астанамен мақтанбайтын қазақ бар ма?! Бүгін төрткүл дүниенің алпауыт мемекеттері біздің елге еңкейіп кіріп, марқайып шығып жатыр.
Айта кету керек, биыл Қордай ауданында жалпы құны 5 млрд теңге болатын 21 жоба жүзеге асырылады. Үш мектеп пен кезекте тұрған азаматтарға 50 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым жүйелері де тартылмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев