Саяси сабақтастық: 2019 жыл 19 наурыз – ел тарихының ерен белесі
Жалпы жаһан тарихында Шарль де Голль, Ли Куан Ю, Махатхир Мұхамед сынды ел басқарған Мемлекет қайраткерлерінің өз лауазымдарынан бас тартқаны бар. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев әйгілі саясаткер Черчилльдің айтқанын еске салады. Ол: «Билікті беру оны алғаннан әлдеқайда жағымды», – деген екен. Бірақ билікті табыстау жағымды ғана емес, жауапты да миссия. Елбасының алдында саясаттағы сабақтастығын анықтау ғана емес, тұтас ұлттың тағдырын табыстау тұрған еді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі. Әдеттегідей «Құрметті қазақстандықтар» деп басталған үндеудің саяси салмағын халық оған дейін білген жоқ. Тосын шешім, тосырқаған жұрт. Бірақ Елбасының бұл жолы да қателеспегенін уақыт көрсетті. Тарих көші тоқтамайды. Осылайша биліктің ауысуы секілді күрделі процесті өткізгенімізге тура бір жыл.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:
- Бұл сөзсіз маңызды һәм тарихи шешім болатын. Қазақстан өткен жылдың наурызынан бастап дамуының жаңа кезеңін бастады деуге әбден болады. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның ұзақ мерзімді стартегиялық жоспарынан, сабақтастық салтанатынан ауытқымайды. Бұл – дұрыс жол, бұл – дұрыс бағыт.
2019 жылдың 19 наурызы – ел тарихының ерен белесі. Себебі соңғы жылдары билік транзиті тақырыбында үрейімізді қашырып келгендер көп болатын әрі өзіміздің көзімізбен де көрдік. Көптің тек қорқытатынын Елбасы жақсы біледі. Осыдан 30 жыл бұрын да «Қазақстан етегін жиып ел болмайды» дейтіндер болған. Елбасы елеген жоқ, тұтас ұлттың тағдырына деген жауапкершілікті өз мойнына алды. Сол кезде күмәнданғандар Қазақстанның жолы болғанын қазір жарыса жазып жүр.
Қанат Саудабаев, Мемлекет қайраткері:
- Ол 39 жасында Кеңестік Қазақстанның саяси олимпында пайда болған кезде, сол кездегі элита өкілдерінен айтарлықтай ерекшеленетін. Өзіне, өзінің ісіне сенімді және тек қана міндеттер қойып қана қоймай, сонымен қатар оларды шешуге қол жеткізе алатын ішкі тәуекелі зор адам болды. Егер маған Нұрсұлтан Назарбаевты екі ғана сөзбен сипаттап бер десе: «Ол – жасампаз адам», – дер едім. Және менің ойымша: «Қазақстанға жаппай дағдарыс кезінде, өзгерістер өткелінде, қатыгездік дәуірінде, тектоникалық өзгерістер тұсында дәл осындай адамның кездескені – жолының болғаны», – дер едім. Қазақстан Тәуелсіздік қарсаңында қандай белгісіздікте болғанын білемін, сондықтан дәл сол уақытта өз тағдырын осы адамға сеніп тапсырған біздің халқымыздың даналығына бас иемін.
Құлдыраған экономика, қалжыраған халық. Қазір ертегідей ескі көріністер, сол кездің шынайлылығы болатын. Жаппай жекешелендіру, үздіксіз реформа. Қазақстан өзге елдерден бұрын тұрғын үй, энергетика, қаржы секторында реформалар жүргізді.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
- Өткен 30 жылда Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдаған шешімдерін, атқарған жұмысын жақсы білеміз. 90-шы жылдардың басындағы тәуелсіздігін енді алған мемлекет. Кеңес Одағы ыдыраған кезде бір үзім нанның да болмаған кездерді ұмыту қиын. Барлық сөре бос болды. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы жоқ. Осының бәрін қысқа уақыт ішінде жасау, қысқа уақыт ішінде әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірген осындай мемлекетті құру – сөзсіз үлкен еңбек, ұзақ жол. Және оны Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғап келе жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев қасына жас, жігерлі жастарды жинады, команда құрды. Шетелдік мамандардың кеңесіне де құлақ асты. Себебі ол кезде кімнен үйренбек керек еді? Саясаткерлерді Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстан көру қасиеті де таңғалдырмай қоймайды. Соның бірі «Болашақ» бағдарламасы болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Для обучение особо талантливого молодежи за рубежом учереждено 250 стипендий Президента, они выехали на эту учебу, 5 тысяч человек проходят обучение в лучших заведениях многих стран мира. Считаю это самым эффективным вложением средств в будущее нашей страны.
Алмас Арзықұлов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері:
- Елбасының тағы бір үлкен еңбектерінің бірі ол – жастарды қолдау мәселесі. Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бастап, Елбасы «Болашақ» бағдарламасын ойлап тапқан болатын. Ол арқылы Қазақстандағы дарынды, білімді жастарды шетелде оқыту арқылы олардың білімін тереңдетіп өзімізге, өз мемлекетіміздің пайдасына жарату мәселесін бастаған болатын. Қаншама жастар білім алып, билік органдарында жұмыс істеп жатыр. Бұдан басқа Назарбаев зияткерлік мектептері және Назарбаев университеті ашылған болатын.
Саясат – ғажайыптар әлемі емес, мүмкіндіктер алаңы және келісе алу, уағдаласа алу өнері. Елбасының мұндай шеберлігіне ешкім шүбә келтірмейді. Ол өзінің осы артықшылығын елінің мүддесі үшін жұмсады.
Қанат Саудабаев, Мемлекет қайраткері:
- Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағының ең жарқын саясаткерлерінің бірі болды. Сол кездің өзінде оған шетелдік көшбасшылар көңіл аударып, Батыстың тиісті құрылымдары оның досьесін жинастырды. Сондықтан Маргарет Тэтчер Назарбаев туралы: «Саясатта жаңа жарқырап келе жатқан жұлдыз», – деп баға беруі де кездейсоқтық емес-тін. Ол сол кездегі АҚШ Президенті Бушпен де, Тұрғыт Озалмен де бірден жақсы қарым-қатынас қалыптастырды. Ол сол кезде Англияның экономикалық элитасын жинап: «Бізде мұнай бар, не қазір келіңдер, не өзгеге береміз», – деп өктем айтқаны да бар. Әлемдік бизнестің акулаларымен бұлай мықты адамдар ғана сөйлесе алатын.
Ол Президенттіктен кетсе де, халықпен байланысын үзген жоқ. Бір жыл көп уақыт емес. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев сол бір жылдың ішінде мемлекеттің беделін арттыра түсетін көп келіссөз бен кездесу өткізді.
Ирина Черных, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:
- Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық сахнадағы беделі зор. Елбасы қазір де белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевты «Аймақтық халықаралық қауіпсіздік жүйесінің және Орталық Азиядағы көпжақты қарым-қатынастардың көпшілік мойындаған ақсақалы» деп айтуға болады. Ішкі саяси бағытта да, сыртқы саясатта да сабақтастық бар.
Кез келген ұлттың өз тарихы, жетістігі болады және сол жетістікті өз ішінен шыққан перзентінің есіміне телитін әдепкі әдеті бар. Түріктер Ататүрікті, орыстар I Петрді, Америка Рузвельтті, Сингапур Ли Куан Ю сияқты қайраткерлерін ұмытпайды. Сол секілді Нұрсұлтан Назарбаевтың да есімі қазақ ұлтының жетістігімен қоса жазылатын болады. «Мұны «тарихи шындық» десек те, «әділдік» десек те жарасады», – дейді бүгін біз тілдескен тұлғалар.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жәнібек Мурзинов