Хабар телеарнасы

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шектеу шаралары күшейді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Оған сай 28 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуына шектеу қойылады. Халық көп жиналатын орындар жабылады. Қоғамдық көлік жұмысы кезең-кезеңмен шектеледі. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салынады. Кәмелеттік жасқа толмағандар үлкендерсіз сыртта жүре алмайды.

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласындағы Абай ауданында «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында үй-үйді аралауды ұйымдастырумен 14 күнге созылатын карантин енгізіледі.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Корановирусқа байланысты жағдай күрделі болуда. Қазір еліміздің 8 өңірінде анықталып, 109 жағдай тіркелді. Одан әрі таралу қаупі жоғары. Мемлекет басшысы мен комиссия үш күн ішінде қосымша шараларды қамтитын шаралар кешенін тапсырды.