Сенат бейбіт жиындар туралы заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Мәжілістің сүзгісінен өтіп, Сенатқа жеткен бейбіт митингілер туралы заң жобасы қазір қоғамның басты назарында екендігі жасырын емес. Себебі Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай деген. Енді талай сын мен пікірдің астында қалған бұл заң жобасы 30 сәуірде Сенатта бірінші оқылымда мақұлданған еді. Енді бүгін сенаторлар оны Мәжіліске қайтаруды қолдап, бірқатар ұсыныс айтты.
Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бейбіт жиналысты өткізу кезінде ұйымдастырушыға бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және өзге де заттарды пайдалануға тыйым салынған. Комитет ұйымдастырушыға міндеттеліп отырған бұл міндет-нормаларды алып тастауды ұсынады. Себебі кей жағдайда бейбіт жиналысқа қатысушылардың денсаулығын сақтауға байланысты жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттілігі туындауы мүмкін.
Сенаторлар осы секілді 16 өзгеріс енгізуді ұсынды. Оның ішінде бейбіт жиындар қаланың шеткі аумақтарында емес, орталығында өту керектігі айтылған. «Мұндай орындар әр шаһардың әр ауданында үшеуден кем болмауы тиіс», – деп есептейді депутаттар. Мысалы, елордада 4 аудан болса, соның әрбірінде кем дегенде бейбіт жиын өткізетін 3 орын белгіленуі міндет. Тағы бейбіт жиын кезінде қатысушылардың біреуі заң талабын бұзғандығы анықталса, шараны тоқтатпау керектігі айтылды. «Өйткені мұндай әрекетке түрлі арандатушылар барып, митингтің өтуіне кедергі келтірулері әбден мүмкін дейді», – саясаттанушы Ерлан Саиров.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
- Енді қазір 5 саусақ бірдей емес қой. Сондықтан митинг жасайтын азаматтардың ақ пейілін, шын ойын кейбір азаматтар бүлдіргісі келеді. Міне, осы тұрғыда мемлекет сол митинг жасап жатқан азаматтарды қорғауы керек. Мәселе сонда. Осы тұрғыдан келгенде ол дұрыс.
Айта кету керек, бүгінгі Сенат отырысы – Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен алғашқы жиын. «Жаңа спикердің бірінші отырысында заң жобасының Мәжіліске қайта жіберілуі сенаторлардың құжатты майшаммен қарап, жұмыстарына тың серпін бергендігін аңғартады», – дейді, мамандар.
Шыңғыс Лепсібаев, қоғамдық қордың президенті:
- Сенат халықтың үніне құлақ асатындығын көрсетті. Мәулен Әшімбаев келіп, біздің Сенат басқаша жұмыс істеуге көшкен шығар. Енді Жоғарғы палата халық арасында қызу талқыға түсетін заң жобаларын бұрынғыдай қабылдай бермей, Мәжілістің қарауына қайта жіберетін болса, бұл Төменгі палата депутаттарының да құжаттарды дұрыс қарауына түрткі болар. Тағы бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен қоғам өкілдері көптеп тартылады деп ойлаймын.
Жалпы қазір қолданыстағы заң бойынша елімізде бейбіт жиындар биліктің рұқсатымен ғана өткізілуі тиіс. Ал мұндай рұқсатты жергілікті әкімдіктер өте сирек беретіні жасырын емес. Енді бейбіт жиындарды өткізу үшін тек қана алдын ала ескерту қағидаты болуы тиіс екендігін Мемлекет басшысы қадап айтқан болатын. Президент тапсырмасын жауаптылар қалай орындайтындығын уақыт таразылайды.
Авторлары: Риат Шони, Дәурен Жұрхабаев