Сайлау және саяси партиялар туралы заңдар қабылданды
Енді партиялық сайлау тізімінде, әйелдер мен жастарға міндетті 30% квота қарастырылмақ. Ал саяси партияларды құру үшін тіркеу талабы 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетіліп отыр. Аталған өзгертулер – Президенттің бастамасы.
Мәселен, мәслихаттардағы 3 335 орынның тек 740-ы ғана - әйелдерге тиесілі. Мәслихатта 29 жасқа дейінгі бар-жоғы 53 жас депутат болса, оның 44-і аудандық мәслихатта жұмыс істейді. Ал облыстық мәслихатта жастар мүлде жоқ. «Сондықтан бұл нормалар жастар мен әйелдердің саяси белсенділігін арттырады», –дейді депутаттар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президенттің ұсынысымен қабылданып отырған заңдар елдің саяси өмірінде ерекше мәнге ие. Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едәуір жеңілдетіліп отыр. Партияларды тіркеудің талаптық шегі төмендетілді. Қабылданған заңдар көппартиялық жүйені одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Мұндай өзгертулерді «демократиялық даму жолындағы нақты қадам» деп қарастыруымыз керек.
Айта өтейік, Парламентте 33 әйел депутат, оның 27-сі Мәжілісте қызмет етеді. Сенаторлар заңға Президент қол қойған соң жаңа партиялар құрылып, онда жастар мен әйелдердің үлесі көбейеді деген сенімде.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қандай өзгерістер күтеміз? Жастардың, әйелдердің саяси процестердегі әлеуетін дамытады. Қоғамның саяси күн тәртібінің қалыптасуына ықпалы болады. Әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуі партиялардың саяси стратегиясын күшейтеді, сайлаушылардың таңдау мүмкіндігі кеңейеді.
Владимир Волков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте үш партияның өкілдері отыр. Жаңа заң енді жаңа партиялар құрылуына жол ашады.