Парламенттік оппозиция туралы заң Президентке жіберілді
Тұтас мемлекеттің құқықтық кеңістігінде бұған дейін болмаған «оппозиция» ұғымын Сенат депутаттары заң жүзінде бекітіп, құжатты Президенттің қол қоюына жіберді. Мемлекет басшысы «мақұл» десе, Парламентте көпшілікке қарсы пікір айтатын, көзқарасы ерек, ұстанымы бөлек партиялар пайда болады. Парламенттік оппозиция институты қажеттігін Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың желтоқсанында айтқан болатын. Содан бері бес айда заң жобасы түзілді. Заңға бастамашыл болған Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың ойынша, «біз –оппозициямыз» деушілер Парламентте үнсіз жүрмей, белсенді жұмыс жүргізіп, маңызды проблемаларды көтеруі тиіс. Парламенттегі оппозиция әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдау мен үкімет сағаттарын бекітуге, үкіметтің заң жобасымен келіспейтін жағдайда альтернативті заң жобасын ұсынуға және Парламенттің кез келген іс-шарасында, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеуге құқылы. Заң 2021 жылы күшіне енеді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Президентіміз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында бірқатар саяси реформа ұсынғанын білесіздер. Біз соның аясында әзірленген маңызды екі заң жобасын қабылдап отырмыз. Соған сәйкес елімізде демократиялық үрдістерді әрі қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдары кіргізіліп отыр. Заңмен Мәжіліске сайланатын парламенттік оппозицияның өкілеттіктері және олардың жұмысын қамтамыз ету тетіктері нақты айқындалды.