Егемендік декларациясы – қастерлі құжат

  • 13
  • 16.10.2025, 19:41

1990 жылдың 25 қазанында өзге халықтармен тереземіз тең екендігін білдіретін тарихи құжат қабылданған. Бастапқыда бұл туралы түрлі сауалдар туындап, заң немесе құқықтық акт болсын дегендер де болған. Кейін заң саласының мамандары бұл мәселені жан-жақты талқылап, декларацияның маңыздылығын дәлелдеген.

Қазақстан тарихы үшін күрделі кезеңде Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдау оңайға түспеген. Десе де білікті заңгерлер мен жұмыс тобының құрамындағы ұлт жанашырлары аянбай еңбек етті. Декларация –  Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде мемлекеттілігінің негізін қалаған алғашқы әрі шешуші құжаты болды. Бұл құжат елдің егемендігін жариялап қана қоймай, саяси және құқықтық жүйенің жаңа бағытын айқындады. Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі мен мемлекеттік рәміздері бекітілді. 

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Егемендік туралы декларация дәл осы Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы тұр. Дәл біз тұрған қоймада 85 мың істен тұратын 63 қор бар. Соның бірі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы деп аталады. Осы қорда Егемендік туралы декларация мен оны қабылдаған сессияның стенограммасының түпнұсқасы сақталған. 

Тарихи құжат сол кездегі кеңестік заңдардың күшін тоқтатты. Осыдан кейін ғана Қазақстан өзінің заңдарын шығаруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ еліміз ішкі саясатты, әлеуметтік мәселені, жалпы экономикадағы жағдайды өз еркімен шешу құқығына ие болды. Тарихшылардың пікірінше, бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы алғашқы және ең маңызды құқықтық қадам болды.

Сәбит Шілдебай, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры:

- Кеңес Одағын мекендеген халықтардың ұлттық санасында ояну пайда болды, әр халық өзінің әдебиеті мен тарихына қауышқаннан кейін оларда ұлттық сана қатты өсті. Ұлттық сананың өсуі ұлттық идеяның күшеюіне алып келді. Ұлттық идеяның күшеюі өз кезеңінде ұлтық республикаларда ұлтық қозғалыстарды қалыптастырды, ол ұлттық қозғалыстардың негізгісі әр ұлт өзінің егемендігін, тәуелсіздігін талап ете бастады.

Еліміз осыдан кейін өзінің әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент Мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Декларация осындай түбейгейлі бетбұрысқа жол ашты.

Өмірәлі Шәкарапұлы, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Гайрат Сапарғалиев , Нағашыбай Шәйкенов, Рогов Игор Иванович болды ол да атсалысты. Бізбен қызмет жасаған Колпаков деген жігіт болды. Әсіресе юристер атсалысты. Ол кезде Жоғарғы Кеңестің басшысы Әбділдин Серікболсын ағамыз болған ол кісі де қазақтың азаматы патриот барлықтары атсалысып, біздің мемлекеттік іргетасын қабылдауға үлкен үлес қосқан декларация деп санаймын.  

Егемендік туралы декларация қабылданғаннан бері 35 жыл өтті. Бұл тарих тұрғысынан алғанда өте аз уақыт. Бірақ біздің еліміз үшін осы жылдар тарихи бетбұрысқа толы кезең болды. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов