Парламент отырысында бюджеттің атқарылуы туралы есеп бекітілді
Парламенттің бірлескен отырысында Үкімет пен Есеп комитетінің өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі бекітілді. Бүгінде карантин жағдайында экономиканы тұрақтындырудың 2 бірдей шұғыл шаралар жиынтығы қабылданды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын ұстана отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгіленген міндеттеріне сәйкес, Үкімет жаһандық экономика жағдайында еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, Парламентпен бірлескен тиімді жұмыс жүргізуде. Экономика өсімінің негізгі драйверлері – өңдеуші өнеркәсіп 4,5%, құрылыс 12,9%, көлік 5,1%, сауда 7,6% болды.
Ардақ Теңгебаев, РБ Атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Қазір Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік ресурстардың уақытылы игерілуін ғана емес, сонымен қатар нәтижелі жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін басқа да мәселелерді сапалы шешуге кірістік. Мұндай мәселелер көп. Олар бюджет процесін жетілдіру мен және жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізу үшін бөлінген қаражаттың әсерін бағалау әдіснамасын құрумен байланысты.
Бюджетті атқарудағы бірқатар мәселеге Мәжіліс депутаттары да тоқталды. Олар бюджет шығынын сапасыз жоспарлау, Ұлттық қор қаражатын тиімсіз пайдалану проблемалары әлі де бар екенін жеткізді. Сенаторлар бөлінген қаражаттың Ұлттық қорға түсетін ақшадан көп болмауы қажеттігін еске салды.
Нұрлан Қылышбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Салықтық жеңілдіктерді азайтып, тиімсіздерін алып тастау міндеті белгіленіп отыр. Сондай-ақ стратегиялық бюджеттік жоспарлау, шығындарды алдын-ала бағалау жүргізілуі тиіс. Халықаралық қарыздардың тиімділігін арттыру да үлкен жауапкершілік. Қазына қаржысын жүзеге асыруды ашық ету үшін халықты оны орындау процесіне жұмылдыру да басты міндет.
Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкіметтің есебі Мәжілісте жан-жақты талқыланды. Депутаттар тарапынан бірқатар мәселе көтерілді. Мысалы 427 млрд теңге қаражат тиімсіз жұмсалған. Сонымен қатар «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары арқылы тұрғын үйлер, республикалық жолдар, жергілікті жолдар жөнделуде. Ауызсуға, жолға, тұрғын үйге бөлінген қаражат тиімді, уақытында пайдаланылып, халықтың жағдайын жақсартуға арналу керек.