Үкімет елдегі бизнес ахуалды жақсарту шараларын қабылдады
Премьер-Министр Асқар Мамин бизнесті қолдау жөніндегі 43 қосымша шарадан жоспар әзірленгенін атап өтті. Айта кетейік, Үкімет әрдайым атқарып отырған тиісті жұмыстардың нәтижесінде былтыр Қазақстан «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингісінің ТОП-25 елінің қатарына енді. ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8% дейін өсті. Аталған көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%, ал 2050 жылға қарай 50% дейін жеткізу міндеті қойылды. Отырыс барысында Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге барлық жоспарланған іс-шараның орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
– Біз барлық өңірдің кәсіпкерлерінің шешуді қажет ететін нақты мәселелерді талқыладық. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша, бизнес қолдау және қосымша 43 шарадан тұратын іс-шаралар жоспары жасалды. Соның ішінде іс-шаралар жоспары бизнес ұсынған келесі негізгі бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, сатып алуды жеңілдету және қазақстандық үлесті дамыту, ауыл шаруашылығы лизингі техникасы лизингін қаржыландыру және кердиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту, тауарлардың экспортын дамыту және рәсімдерді жеңілдету. Жалпы осы шаралардың арқасында кәсіпкерліктің одан әрі дамуына серпін беріп, бизнес ахуал және «Doing Business» рейтингтегі позицияны жақсартуға үлес қосылады. Осы ретте барлық мемлекеттік орган мен әкімдіктер айтылған шаралардың орындалуын қамтамасыз етулері керек. Бұл шаралар нақты орындалуы тиіс.
Сонымен қатар Премьер-Министр Асқар Мамин алдағы жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды. Биыл елімізде сегіз энергетикалық блокты, 59 қазандық пен 44 турбинаны жөндеу көзделген. Үкімет басшысы облыс әкімдеріне бұл жұмыс ұзаққа созылмай, жоспарланған іс уақытылы аяқталуы тиіс екендігін ескертті. Тағы ТҮКШ, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұған қоса, Үкімет басшысы көмір бағасын ерекше бақылауға алып, оның негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдау керектігін де қадап айтты.